Әлі 20 дәрігер жетіспейді

Қазіргі таңда ауданда 9 медициналық қызмет көрсету мекемесі бар. Олардың қатарына 135 орындық орталық аурухана, аудандық емхана, «Теміржол» филиалы, ауылдық елді мекендердегі 6 амбулаториялық пункт кіреді. Бұл жөнінде аудандық әкімдікте өткен брифингте орталық аурухана директоры Асулан Абдрахманов мәлім етті. Онда бас дәрігер аудандағы медицинаның жәй-күйін айтып, өткен жылғы атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Туу көрсеткіші төмендеді

Бас дәрігердің айтуынша, ауданда 75 орындық мамандандырылған аурухана, емхана және 200 орындық модульдік аурухананы қосқанда медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету 99,15 пайызды құрап отыр. Ал медициналық қызметкерлер саны – 902. Оның 107-сі – дәрігер, 518-і – орта буын медициналық және 108-і – кіші медициналық қызметкер, бұдан басқа, 164 қосалқы жұмысшы маман жұмыс жасайды. Ауруханаға қазіргі таңда 20 дәрігер, яғни 8 тәжірибелі дәрігер, инфекционист, реабилитолог, онколог, офтальмолог, фтизиатр, невропатолог, хирург, неонатолог, терапевт, сәулелі диагностика дәрігері, гинеколог, кардиолог жетіспейді. Ал былтыр ауданға 21 дәрігер жұмысқа орналасқан. Олардың қатарында травматолог, 2 стоматолог, 4 жалпы тәжірибелі дәрігер, уролог, невропатолог, 3 статист, 2 фармацевт, терапевт, реаниматолог, отоларинголог, эндоскопист, фтизиатр, педиатр, эндокринолог, хирург келген.

- Аудандық емхана тіркелімде тұрған 73 699 адамға медициналық қызмет көрсетеді. Аудан халқы 46 учаскелік аймаққа бөлінген. Оның ішінде 34-і жалпы тәжірибелі аймақ Құлсарының басында, ал 6 елді мекенде 12 аймақ бар. Бір тәжірибелі аймаққа 1700 адам тіркелген. Жалпы ауданның демографиялық көрсеткішіне келетін болсақ, туу көрсеткіші 2022 жылы 1733 болса, 2023 жылы 1620 болды. Жалпы аурухана құрылымында перинаталдық кезең бойынша біздің ауданымыз екінші дәрежелі қызмет көрсетеді, яғни перзентхананың ана мен бала бөлімі облыс бойынша екінші деңгейде тұр. Онда акушер-гинеколог, неонатолог дәрігерлер қызмет атқарады. Жалпы бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсеткіші бойынша дәрігерлер өткен жылы 346915 науқасты қабылдады. Аурушаңдықты жіктеп қарайтын болсақ, былтыр мүгедектік бойынша 2558 адам тіркелген. Аудан бойынша 61990 адамды скринингтен өткізу жоспарланса, соның 97 пайызы орындалды. Туберкулез ауруына келетін болсақ, 2022 жылы 47 науқас тіркелсе, оның 41-і – ересек, екеуі – бала, 3-еуі жасөспірім болды. Жалпы флюрографиялық тексеріс жоспар бойынша емханадан жүргізіледі, ал енді босанған аналар перзентханадан өтеді. Ауылдық елді мекендердегі тұрғындарды мобильді түрде және шақырту арқылы түсіріп тұрамыз,-дейді бас дәрігер.

Арыз-шағым аяқсыз қалмайды

Асулан Абдрахманов аудандық 135 керуеттік орталық аурухана жұмысы туралы да сөз қозғады. Онда балалар бөлімшесі, емдеу, хирургиялық, перзентхана, жұқпалы аурулар бөлімшесі қызмет етеді. Оның ішінде жұқпалы аурулар бөлімшесіне қосымша қызылша ауруы бойынша 15 ересек пен 20 бала орыны дайындалған. Бөлімшелер мемлекеттік сұраныс жоспарына сай, яғни портал бойынша 2023 жылы 6000 адамға жоспар берген. Соның 5736 науқасы жатып, емін алып шыққан. Жалпы балалар бөлімінде 2022 жылмен салыстырғанда 95 науқасқа, ал перзентхана бөлімшесінде 48 науқасқа азайған. Емдеу бөлімшесінде керісінше – 326, хирургияда – 138, жұқпалы аурулар бөлімшесінде 17 науқасқа көбейіп отыр.

-Жалпы медициналық қызметтің сапасын арттыру мақсатында аудандық орталық аурухана пациенттерді қолдау мақсатында ішкі аудит қызметін іске қосты. Және сенім телефоны мен колл орталығы жұмыс жасайды. Негізінен науқастарды қолдау мен ішкі аудит медициналық деңгейде көмек сапасын басқару бойынша ережеге сәйкес қызмет етеді. Сонымен қатар, науқастың мәселесінен туындаған шағымдарын уақытында шешу немесе жазбаша арыз қалдырған жағдайда 5 күн мерзімнен аспайтын уақыт ішінде жауап беру көзделген. Жалпы 2023 жылы пациенттерден жазбаша 250 арыз-шағым түсті. Барлығы негізді деп танылды. Әр шағым бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп, мәселе шешімін тапты. Және олардың алдын алу үшін іс-шара жоспары құрылды. Арыз-шағымдарға тоқталатын болсақ, тұрғындардың дәрігердің қабылдауына жазыла алмауы, медицина қызметкерлерінің тарапынан этиканың сақталмауы, тиісті медициналық көмектің сапасы туралы, тегін дәрі-дәрмекпен қамту, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру сұрақтары, жоспарлы түрде ауруханаға жатқызу, өзге де сұрақтар бойынша арыз-шағым түскен,- дейді Асулан Абдрахманов.

Жүкті әйелдер ғана тегін емделе алады

Бас дәрігер брифинг барысында тұрғындардан келген сұрақтарға да жауап қатты. Ол халық тарапынан үнемі қойылатын сұрақтың бірі – 75 орындық жаңа аурухананың қашан қолданысқа берілетіні туралы еді. А.Нұрболанұлы қазіргі таңда жаңа нысанның құжаттары бітіп, өздерінің теңгеріміне алу жұмыстары жүріп жатқанын, содан кейін барып қызметін бастайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ медицинадағы орын алған мәселені де айтпай кетпеді. Ол Жаңа Қаратон кентіндегі дәрігерлік пунктке қатысты болды. 2019 жылы аталған нысанға қосымша жапсарлас ғимарат бастап салынып, тапсырылған. Бірақ, оның сапасыз салынуына байланысты аудандық аурухана басшылығы қабылдамай отырғанын хабарлады. Тіпті мердігер мекеменің үстінен сотқа шағым берілгенін, сот шешімі бойынша ғимарат қайтадан реттеліп, сапалы түрде тапсырылуы керектігін баса айтты. Бірақ ол жұмыс та әлі бітпеген.

-Тұрғындар жиі қоятын сұрақтың бірі магниттік-резонанстық томография туралы. Жаңа ауруханадағы МРТ аппараты толық тексерістен өтті, жұмыс жасап тұр. Үйретілген мамандар да бар. Аурухана қолданысқа берілген соң аппарат жұмысын бастайтын болады,- деді нақтылап.

Брифинг кезінде «Біз жыл сайын МӘМС төлеп отырмыз. Стоматология қызметтерін тегін ала аламыз ба?» деген сұраққа бас дәрігер тек 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге ғана жұлу-емдеу қызметі тегін көрсетілетінін жеткізді. Ал мүгедектігі бар жандарға жеңілдік қарастырылған.

П.ТӘЖІ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521