"Алты мың кәсіпкердің алтауы ғана келді"

"Алты мың кәсіпкердің алтауы ғана келді"
Фото: П.Қизатова

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімінде 19 тауар түрі бар. Оның бағасын тұрақты ұстап тұру аудан әкімі мен оған жауапты бөлімдердің ылғи назарында болмақ. Өйткені, бұл тауарлар – адам саулығы мен оның салауатты өмір салтына қажетті маңызды тағамдар.

«ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Сауда және интеграция министрінің 2023 жылғы 11 мамырдағы №166 НҚ бұйрығымен» бекітілген бұл азық-түлік тауарларына бірінші сортты бидай ұны, бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны, рожки (өлшеніп салынатын), қарақұмық жарнасы, тазартылған күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, құмшекер, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті, сүт (2,5), айран (2,5), сары май (72%), жұмыртқа, ас тұзы, сүзбе (5-9%) кіреді. Бұлар адам өмірінде күнделікті тұтынатын тағам болуымен маңызды. Сондықтан олардың әрдайым қол жетімді болуын қамтамасыз ету үшін тұрақтандыру қоры осы өнімдердің бағасын ұстап тұруды қадағалайды. Міне, осы мәселені кәсіпкерлерге кеңінен түсіндіру үшін аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сарманов арнайы кездесу өткізді. Оған аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаев, аудандық мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев, депутат Ерлан Нұрланов, ауданға қарасты қала, кент және ауылдық округ әкімдері мен кәсіпкерлер қатысты.

Алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Н.Сарманов аудандағы 6 мың кәсіпкерден тек 6 адам ғана келгеніне реніш білдірді. Осыдан-ақ сауда жасап жүрген кәсіп иелерінің халықтың емес, өз қалтасының қамын ойлайтынын аңғаруға болады. Ал бұл тақырып – қазіргі қымбатшылық екі өкпеден қысқан қысқан заманда халық үшін өзекті және күн тәртібінен түспейтін мәселе. Н.Сармановтың оларға айтатын бір ғана талабы – 19 азық-түліктің бағасын заңға сәйкес ұстап тұру. Ал егер сауда үстемесін 15%-дан асырған жағдайда ескерту жасалып, кейін айыппұл салынатынын қатаң ескертті.

– ҚР 2014 жылғы 5 шілдедегі №235-V Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерін арттыру, біріншіден, Ішкі сауда субъектісінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасында белгіленген сауда үстемесінің мөлшерін арттыру болып табылады, ол ескерту жасауға алып келеді. Екіншіден, осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет – шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жетпіс бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді,-деді нақтылап. Сол үшін алдағы уақытта құқық қорғау орган өкілдері мен салық басқармасының мамандары бірлесіп тексеру жұмыстарын жүргізетінін айтты.

Н.Сарманов, сондай-ақ, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру туралы да кеңінен түсіндірді. Мемлекеттік грант қаражатын қандай мақсаттарға пайдалануға болатынын айтып, өз ұсынысын жеткізді. Мәселен, аудандағы туризмді дамыту, аквариум, лагерьлер ашу сияқты тың идеялармен бөлісті.

Кездесуде "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Ерлан Нұрланов кәсіпкерлікті дамыту, салық бойынша жасалып жатқан жеңілдіктер, азық-түлік тауарларына қатысты мәселелерді қозғады.

П.ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521