Кәсібі көп елдің – нәсібі мол

Кәсібі көп елдің – нәсібі мол
Фото: ашық дерек көзінен алынды

Аудан аумағында көптеген жас өз кәсібін ашып, өңірдің дамуына өз үлесін қосып келеді. Әрине, мұның барлығы – мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық пен қолдаудың жемісі. Айталық, аудан бойынша биылғы жылдың 1 қарашасындағы мәлімет бойынша 7471 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген екен. Осы кезеңде 600-ге жуық адамға мемлекеттік қолдау бағдарламаларына түсіндірме жұмыстары жүргізілсе, «Бастау бизнес» жобасы бойынша 306 адам онлайн түрде оқытылды. Ұлттық жоба шеңберінде несиелердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау үшін 2 млрд 981 млн теңге құрайтын 98 жоба мақұлданды. Одан бөлек 2 млрд 945 теңгеге құрайтын 80 жобаға несиелердің пайыздық ставкасына кепілдендіру берілді. Және де «Аграрлық несие корпорация» АҚ-ы арқылы «Ауылдық жердегі бизнесті дамыту» бағдарламасы арқылы 2 кәсіпкер 31,8 млн.теңге несие алып, «Ауыл аманаты» жобасымен 21 кәсіпкер 159,2 млн. теңгеге, «Жастар» бағдарламасымен жыл басынан бері 9 кәсіпкер 45,0 млн. теңгеге өз бизнесін бастауға мүмкіндік алып отыр. Бұл жөнінде аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімі хабарлады.

Көріп отырғанымыздай, ауданда шағын кәсіпкерлікті қолдау, агробизнесті дамыту мақсатында көптеген жүйелі жұмысжүзеге асып жатыр. Бұл ретте осы салада қызмет көрсетіп келе жатқан құзырлы органдар Мемлекет басшысының тапсырмасы мен ел Үкіметінің осы бағыттағы басты бағдарламарын басшылыққа алады.

Осы орайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз экономиканың өсімін кемінде 6-7 пайызға жеткізуіміз керек. Ол үшін бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсету қажет. Осы бағытта біраз шаруа атқарылды. Дегенмен, кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де болса бәсең, өз әлеуетіне сай емес деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы серпіліс қажет. Ең алдымен, мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасы мүлде жаңа үлгіге көшуге тиіс,» – деген еді.

Иә, Қазақстан – әлі де жас әрі дамушы ел. Үшінші әлем мемлекетінде болғанымен, ілгері кеткен алпауыт Европа, Қытай, АҚШ елдері секілді өркениетке ілесіп келеді. Ұлттың күре тамыры, түп негізі тіл, дін мен дәстүр болса, дербес мемлекеттікі – экономика. Мемлекет әрбір индивидтен құрылғандықтан, экономикаға барлық адамның әл-ауқаты әсер етпек. Ел экономикасының дамуына бай мен кедей де, орта, шағын және ірі бизнес өкілдері де теңдей әсер етеді. Барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан қазіргі қымбатшылық қысқан қиын кезеңге қарамастан, қарапайым халықты масылдық психологиядан арылтып, өз кәсібін ашып, ісін ілгерілетуге жағдай жасау қажет. Мемлекет басшысы сол үшін жыл сайынғы Жолдауларында Үкіметке нақты тапсырмалар беріп, елімізде кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар мен жүйелі жобалар жасақтады.

Президент бір сөзінде кейбір аймақ басшылары мен өңірлік кейбір құзырлы мекемелердің орта және шағын бизнеске қысым көрсетілетінін де атап өтті. «Мемлекеттік аппарат әрбір бизнесменге заң бұзушы ретінде қарамауы керек. Мұндай ұстаным, түптеп келгенде, басқарудың репрессивті сипатына алып келеді. Мемлекет кәсіпкерлерге көмектесуге міндетті. Мұны ерекше атап өткім келеді: кәсіпкерлерге көмектесу керек. Ал кәсіпкерлер шағымданушы немесе қолдауға мұқтаж рөлінде көрінбей, мемлекеттік аппараттың тең құқылы серіктесіне айналуға тиіс,» – дей келе ел президенті екі тарапты егемен еліміздің жолында жұдырықтай жұмыла жұмыс жасауға шақырды.

Осы мақсатта мемлекет басшысы көптеген ұлттық жоба енгізді. Бірнеше жылдан бері жалғасын тапқан «Бастау бизнес» бойынша республикамыздың түкпір-түкпірінен қаншама адам грант ұтып алып жатыр. Әрине, мұндай қайтарымсыз қаржыдан жылыойлықтар да құр алақан емес. Сөз басында келтірген деректер - соның айғағы.

Қазақстан Республикасының Үкіметі 2021 жылғы 12 қазанда шыққан №730 қаулысы негізінде «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасын бекіту туралы шешім қабылдады. Бұл жоба 2021-2025 жылдар аралығында экономиканы әртараптандыруға септігін тигізбек. Себебі, қара алтынға сенген көптеген мемлекет мұнайы таусылғасын мұң кешуде. Міне, сондай елдердің тағдырынан ащы сабақ алған еліміздің Президенті сарабдал саясат ұстанып, монополияны жойып, тек қазба байлықтарға көз тікпей, экономиканы сан қилы жағынан дамытып, жарқын болашақтың кірпішін қалауды бүгіннен бастауды қолға алды. Соның бірі де берегейі - жоғарыда айтқан кәсіпкерлікті қолдау, оны экономиканың іргелі бір саласы ретінде дамыту екенін айта кеткен жөн.

Ұлттық экономика министрлігі қолға алған бастаманы жандандыруға Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Сауда және интеграция, Энергетика, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктері, облыстардың және Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері тартылған. Бағдарламаны қаржыландыру көлемі 15,9 трлн теңгеге тең. Оның 402 млрд теңгесі республикалық бюджеттен қарастырылса, 15,5 трлн теңгені жеке инвестициялар есебінен тарту көзделген. Және де бұл бағытта 130 мыңға жуық жұмыс орнын құрып, 2019 жылғы деңгейге қарағанда еңбек өнімділігін 20,6 %-ға өсіріп, шикізаттық емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтер экспортын 41 млрд АҚШ долларға дейін, оның ішінде, шикізаттық емес тауарлар экспортын 29,5 млрд АҚШ долларға, қызметтер экспортын 11,5 млрд АҚШ долларға ұлғайту көзделген.

Алға қарай дәл осы бағытпен ел экономикасы прогрессивті түрде дамитын болса, әлі-ақ көптеген мемлекетті басып озарымыз анық. Өйткені, аталған жобаның елімізге берері көп. Айтылған тапсырмалардың барлығы нақты орындалар болса, еліміздегі кедейшілік азайып, орта тап өкілдері нығая түспек. Қай жағынан қарасақ та, мемлекеттің негізгі тіреуші күші - осы орта тап өкілдері. Қай елдің орта және шағын бизнесі дамып, орта тап өкілдері нығайып, мықтырақ бола түскен сайын сол мемлекет кез келген кризиске де, азды-көпті тоқырауға да төтеп берері сөзсіз. Мемлекет басшысының да көксегені сол, осы кәсіпкерлікті көтеру арқылы қарапайым халықтың әл-ауқатына басар назар аударып отыр. Осы орайда мемлекет тарапынан көптеген жоба іске асырылуда.

Әрине, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, Мемлекет басшысының бастамасын бәріміз қолдап, жұдырықтай жұмыла кірісіп, елдің дамуы үшін өз үлесімізді қосуымыз қажет. Сонда ғана экономикамыз нығайып, әл-ауқатымыз артып, болашағымыз ашық әрі жарқын бола түспек.

Ерназ АХМЕТКӘРІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521