Кәсіпкерді не толғандырады?

Несиелердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, кепілдендіру, ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау, мемлекеттік қайтарымсыз гранттар және шағын несие беру – бұл бүгінгі кәсіпкерлер мен шаруа қожалығын дамыту үшін аса қажетті тетіктер. Әсіресе ауылдық жердегі азаматтардың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы бизнесті биік белеске көтерудің бірден-бір мүмкіндігі. Міне, осы бағыттағы мемлекет жүзеге асырып жатқан қолдау түрлері өткен жұма күні «Кең Жылыой» мәдениет үйінде өткен жиында түсіндірілді.

Оған облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары, «Даму» КДҚ филиалы, «Аграрлық несие корпорациясы», облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мамандары келіп, аудан кәсіпкерлері мен шаруа қожалығы жетекшілерімен кездесіп, түсінік берді. Жиынды жүргізген аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сарманов басқосудың басты мақсатымен таныстырды.

Облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау түрлері туралы баяндады. Оның айтуынша, кіші және орта бизнес өкілдері үшін ақпараттық қолдау қарқынды жүруде. «Даму», «КДҚ» АҚ-ның Атырау облысы бойынша аймақтық филиалының менеджері Роза Байсалықова:

-Қазіргі таңда мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау мақсатында кіші, орта, ірі бизнес өкілдеріне 5 бағыт бойынша жәрдем берілуде. Бірінші бағытына сәйкес жас кәсіпкерлерге 20 млн теңгеге дейін 3 жылдық мерзімге 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиелер бар. Бұл қазіргі жас кәсіпкерге өз ісін бастау үшін таптырмайтын мүмкіндік. «Даму» тарапынан бизнес бастағысы келіп жүрген көптеген азаматтарға ақпараттық көмек беріліп, түрлі курс, семинарлар қарастырылған,- деді.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан Дина Абишова бұл бағыттағы қазіргі мемлекеттік бағдарламалар туралы айтып өтті:

-Мемлекет тарапынан көптеген шаралар қолға алынуда. Соның бірі - бизнес бастау үшін берілетін 400 АЕК есебіндегі қайтарымсыз грант. Ол арнайы бөлімдерге бөлінеді, негізгі мақсаты - жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтып, кәсіпкерлікті дамыту. Қазір алғашқы жұмыс орны бағдарламасы жүруде. Ол жерде жоғары оқу орнын бітіріп келген мамандарды жұмыспен қамтамасыз ету қарастырылады. «Күміс жас» бағдарламасы да қазіргі кезде сұранысқа ие. Ол жерде зейнет жасына жақындап қалған жандарды жұмыспен қамту көзделіп отыр,- деп түсіндірді.

«Bereke» банк өкілдері де өздерінің кәсіпкерлерге арналған тиімді ұсыныстарын айтып, бірге жұмыс жасауға шақырды. Кәсіпкерлер тарапынан көптеген сауалдар қойылды. Әсіресе, көпшілігін кәсіпкерлік негізде несие алғанда қойылатын міндетті кепілдік қою мәселесі толғандырды. Оған облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Сәттіғұл Сабыров былай деп жауап берді: -

Бұл жерде несие банк тарапынан беріледі. Олар өз кезегінде сол ақша үшін тәуекелді өздері алады.

Сондықтан, міндетті түрде кепіл сұрайды. Себебі, кепіл қойылмаған жағдайда, көптеген кәсіпкерлер өзінің міндеттемесін орындамай қалу қаупі бар. Сол секілді келеңсіз жағдайдың алдын алу мақсатында осындай шаралар қолданылады.

Жиында басқа да қосымша мәселелер қозғалды. Мәселен, шаруа қожалықтарының басты базынасының бірі – шабындықтың жай-күйі және жайылымдық жерді жеке тұрғындар малының таптап кетуі болды. Бұл сұраққа аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сарманов жауап қайырды:

-Жеке тұрғындардың мал басына тіркеу жүргізіп, салық төлету алдағы жоспарда бар. Су мәселесі бойынша далаға кетіп жатқан бұлақтардың көзін жабу жұмыстары жүргізілуде. Бірақ, шаруа қожалықтары орналасқан жерлердің барлығында су мәселесі шешіліп, шабындық проблемасы алдағы уақытта күн тәртібінде тұрмайды деп ойлаймыз,-деді.

Әрине, кәсіпкерлер тарапынан көптеген мәселелер көтеріліп, сауалдар қойылды. Олардың барлығына да нақты жауап берілді. Кейбір кәсіпкерлерді облыстан келген мамандар жеке қабылдап, түсінік жұмысын жүргізді.

Ерназ Алтайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521