Шаруаң қалай, шаруагер?

Шаруаң қалай,  шаруагер?

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаевтың берген мәліметіне сүйенсек, онда биылғы жылдың қысында 22 740 бас мүйізді ірі қара, 80240 бас қой-ешкі, 11646 бас жылқы, 9990 бас түйе қыстаққа түскен. Елді мекендерден шалғай аймақтарда барлығы 170 орында, тарқатып айтар болсақ, 163 шаруа қожалығы мен «Жаңа Таң» ЖШС-на қарасты 7 қорада мал қыстатылып жатыр.

Қыстақтарға түскен төрт түлікке 58000 тонна жем-шөп қажет болса, былтырдан қалған 2682 тонна шөптен бөлек, 55318 тонна ірі сабақты мал азығы дайындалып, малшылар толық қамтылды.

-Өткен жылы Жем өзені суының мөлшері жылдағы көлемінен жақсы тасыды. Осыған байланысты шабындықтарға су шығып, аудан малбегілерінің көпшілігі өздеріне қажетті мал азығын жергілікті жерден дайындап алды. Жағдайы жеткен шаруалар көршілес Қызылқоға, Ақтөбе облысының Байғанин, Ойыл, Темір аудандарынан мал азығын тасымалдап алды,-дейді Нұртас Аминұлы.

Ал жақында аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сарманов ауданға қарасты мал қыстақтарын аралап, олардың жай-күйімен жақынырақ танысты. Атап айтқанда, Жем ауылдық округіне қарасты Жарты мола, Бейбіт, Қараша, Қойсары, Айранкөл жерлерінде болып, ондағы «Бекболат», «Дана-Бейбіт», «Мұрат» және басқа да шаруа қожалықтарының жұмысын көрді. Ондағы малшылардың жағдайы, толғандырған өзекті мәселелері, мал төлдету науқанына дайындық, жайылымдық-шабындық алқаптар проблемасын Қорабай Бекболатов, Дүйсенқұл Қазмағанбетов, Шафих Шағырбаев сынды шаруагерлердің өз аузынан естіді. Олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Малбегілер, негізінен, Жем суын тиімді пайдалану мәселесін қозғады. Мәселен, Д. Қазмағанбетов өзен сағасының сорға құйылатын тұсын бөгеу керектігін айтса, Қ. Бекболатов алға қарай Тасшағыл тұсынан егіс салмақ ойының барын жеткізді.

Иә, соңғы екі жыл ішінде Жем өзенінің суы жақсы тасығаны аян. Биыл да өр суы мол келеді деп күтілуде. Сондықтан сондай сәтте шабындықтарға су шығарып, оны тиімді пайдалану, егін егу сынды жұмыстарды құптайтынын жеткізген Нұрболат Әлібекұлы мен Нұртас Аминұлы өз кезегінде бұл бағытта шаруаларға несиелендіру, субсидия секілді мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық пен қолдау түрлерінен түсінік берді. Бұл ретте алдағы жұмыс жоспарымен бөлісіп, мал басын асылдандыру, бірдейлендіру, мал дәрігерлік қызмет, алдағы шабындық-жайылымдық мәселелері бойынша ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар берді. Ал шаруалардың айтқан ұсыныс-пікірлері алдағы уақытта ескерілетін болды.

Аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сарманов Жем ауылдық округінің орталығы Тұрғызба ауылында да болып, ондағы тұрғындармен және шаруалармен кездесті.

Онда да, негізінен, Жем суын тиімді пайдалану мәселесі қозғалды. Шаруа қожалықтары өзен тасығанда өр суының арнасынан асып, шабындық-жайылымдық алқаптарға жайылып, бір сағасы шөп шықпайтын сорларға құйылып кететінін ашына айтты. Сондықтан ол жерлерді заңдылық талабына сай бөгеп, өзекке өткел салу секілді өзге де өзекті мәселелер мен ұсыныстарын алға тартты.

Е.Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521