АЙТЫП КЕЛЕТІН АЖАЛ

Бұл дерт пе, әлде адамның еркінен тыс болатын бір тылсым күштің әсері ме? Егер мұсылманшылық қағидасына сүйенсек, онда өз- өзіне қол жұмсаған жанның жаназасы шығарылмайды, әрі бөлек жерленеді. Бірақ қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз еркімен о дүниеге аттанған адамдардың көбейіп кетуіне байланысты, оны жан ауруы ретінде қарастырып, пәтуа шығарып, жергілікті имамдарға марқұмның сүйегін шариғат шарттарымен шығаруға рұқсат беріп отыр. Демек, дін иелерінің пайымдауынша, бұл – дерт. Ал қазіргі қоғамымызда болып жатқан құбылыстар не дейді?

ДЕРТ ПЕ, ТЫЛСЫМ КҮШ ПЕ?

Кей жылдарда суицид деректерінің жиілеп кететінін байқап жүрміз. Айталық, әне бір жылдары ауданға қарасты бір алақандай ауылдың ішінде жасөспірімдер арасында асылып қалу дерегі көбейіп кетті. Мектеп оқушылары, қызы бар, ұлы бар-бірінен соң бірі өз еркімен өмірмен қош айтысып жатты. Ата-аналар қорқып, үйіндегі балаларының басқан ізін аңдуға көшті. Ақыры бір қызды құтқарып қалудың сәті түсті. Оның айтуынша, «қара киімді бір кісі қыр соңынан қалмай қойған-мыс». Мұны естіген ауыл тұрғындары жиналып, бір ірі қара малды құрбандыққа шалып, садақа берді.

Әрине, бұған біреу сенер, біреу сенбес, бірақ біздің еркімізден тыс тылсым күштің бар екенін ғылым да жоққа шығара алмайды. Мүмкін бұл діндарлар айтып жүрген «адам кейпіне енетін жын-шайтан» ба? Мұның сырын әзірге ешкім нақты дерекпен түсіндіріп бере алмайды. Әйтсе де, осыған ұқсас жайттардың араға бірнеше жыл салып қайталанып тұратыны жасырын емес.

Тағы бір ауылда кеше ғана мектеп бітірген жас түлек өз-өзіне қол салса, араға аз күн салып, біреудің көздің қарашығындай аялап отырған жалғыз ұлы өз еркімен өмірмен қош айтысты. Көп ұзамай отбасылы жас жігітті дарға асылайын деп тұрған жерінен достары құтқарып қалды. Одан бұл әрекетінің себебін сұрағанда, адам жанын түршіктірер әңгіме айтқан. Автокөлік жүргізіп келе жатқанда осыған дейін қайтыс болған екі бозбала жігіт оның көзіне көрініп, өздерімен бірге «ана жаққа кетуге» шақырған көрінеді. Мұны естіген ауылдастары жағасын ұстады. Жұрт қорқып, тағы да садақа берді.

Жасыратыны жоқ, мұның барлығы жұрттан естіген әңгіме. Бірақ, «жел тұрмаса, шөптің басы қыбырламайды» дегендей, астарында ақиқат жоқ деп айта алмаймыз. Өйткені, жас шыбықтай жайқалып өсіп келе жатқан жастарымызды бірінен соң бірін баудай түсіріп жатқан суицидпен күрес жүргізіп, оның сырын ашу үшін соған себеп болған деректердің қай-қайсысын ескерусіз қалдырмаған жөн. Мәселені әлеуметтік, психологиялық, діни тұрғыдан, жан-жақты қарастырып, қай-қай саланың да мықты мамандарын тарта отырып, бірлесіп шешпесе болмайды. Сонда ғана нәтиже көрінері хақ. Әйтпесе, «ол – дерт» деген қасаң қағиданы ұстанып алып, біржақты қарау түйінді тарқатпасы анық.

МАМАНДАР НЕ ДЕЙДІ?

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының жұртшылыққа жариялаған жан түршігерлік мәліметінен Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы суицид оқиғасының көбейгенін көреміз. Оған балалықпен заң бұзуы, қылмыстық жауапкершілігі алдында үрейленуі, шыдамсыздығы, төзімсіздігі, қорқақтығы, сабақ үлгерімінің төмендігі, қызығушылық деңгейінің нашарлығы, көңіл- күйінің болмауы, тез ашулануы және тәбетінің төмендігі себеп. Ендеше, адам тағдырына келгенде жауапкершілікті тек ұстаздар мен дәрігерлерге, мектеп психологтары, әлеуметтік педагогтарына жүктеп қоймай, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бұл мәселеге ата-ана, қоғам болып жұдырықтай жұмылғанымыз жөн.

Елiмiздiң Бас прокуратурасы балалар суицидiне байланысты зерттеу жүргiзiп, оларды өлiмге итермелейтiн факторларды анықтауға тырысқан. Бiрiншi кезекте, мұны баланың әлеуметтiк-психологиялық жағдайының күрделi болуы мен тұрмыс деңгейiнiң төмендiгiмен байланыстырған. Алайда, осы күнi жан қиып жатқан жеткiншектер арасында ауқатты отбасынан шыққан балалар да бар. Жасөспiрiмдер арасындағы суицидтi мамандар өтпелi кезең мен баланың жас ерекшелiгiмен байланыстырады.

Өзіне-өзі қол салу негізгі үш топқа бөлінеді: ашық, демонстративтік және жасырын. Ашық суицидке қашанда жабырқау дағдарыстық жағдай немесе өмірден баз кешу жайлы ой, өмір сүрудің мәні жайлы ойланып, күйзелу жатады. Өйткені, өзін ешкімге керексіз сезінеді. Яғни ашық суицид көбіне жасы егде тартқан адамдар мен жасөспірімдер арасында жиі кездеседі. Мысалы, жасөспірімдерге «қалай өмір сүремін? Мен қандай адам боламын?», яғни болашаққа деген сенімсіздік себеп болса, қарт кісілерді «мен қалай өмір сүрдім, бұл өмірде кім болдым?» деген ой мазалайды екен.

Демонстративтік суицид — өлуге деген ниеті жоқ, жай ғана басқалардың назарын өзіне аудару үшін өз-өзіне қол жұмсау әрекеті. Жасырын суицид — өлуді мәселенің шешімі деп санамайды, одан басқа жол таба алмай қиналатын адамның мінез-құлқының бір түрі.

Жастар арасында еліктеуіш күш те қарқынды әсер етеді. Теледидар, радиохабарлар, интернет арқылы «көшірме» ретінде өз үлгісін табады да, соларға еліктейді. Сонымен бірге, қазір ғаламтор арқылы жасөспірімнің санасын шырмауықша шырмап, түрлі ойынға тартып, өлімге айдап салатын сыртқы күштердің барлығын да ешкім жоққа шығара алмайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын бір туысымыздың лицейді үздік бітіріп, еліміздің үлкен бір қаласындағы ең іргелі жоғары оқу орнында білім алып жатқан ұлы өз-өзіне қол жұмсады. Жалғыз баласынан айрылып, қабырғасы қайысқан әке оны интернеттің қауіпті иірімдерінен көріп отыр. Баланың телефонын тексерген құқық қорғау органдары сондай ұйғарымға келген.

ӘЛЕМДІ ТОЛҒАНДЫРҒАН МӘСЕЛЕ

Суицид – қазіргі қазақ қоғамын ғана емес, бүкіл дүниежүзін толғандырып отыр. Әсіресе, жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы – дүниежүзіндегі ең өзекті мәселенің бірі. Оны зерттеп жүрген мамандардың пікірінше, жер жүзінде әрбір 20 секунд сайын бір адам өз еркімен өмірмен қош айтысып жатады екен. Тіпті жылына 1 миллион адам өзін ажалға қиып, шамамен 20 миллион тұрғын өмірмен мәңгілікке қоштасуға әрекет жасайды. Сорақысы сол, олардың 8 мыңы қазақстандықтар екен. Бұл дегеніңіз – республика бойынша сағат сайын бір адам өз еркімен өмірмен қоштасады деген сөз. Бәрінен бұрын бұл дерттің еліміздің ертеңі - жасөспірімдер арасында кең етек жайғаны алаңдатады. Оған «өтпелі» шақта кездесетін қиындықты көтере алмау, айналамен тіл табыса алмау, бала психологиясының толық қалыптаспауы секілді жағдай себеп болады екен.

Әйгілі жасөспірімдер психологі А.Личко кәмелетке толмағандар арасында кездесетін суицидтердің ең жиі кездесетін түрін атады. Олар сүйікті адамын жоғалту, шектен тыс қалжырау жағдайы, өзіндік қадір-қасиетін осал сезіну, алкогольді, гипногенді, психотропты дәрілерді және есірткіні пайдалану нәтижесінде пайда болатын жеке бастың қорғаныш тетігінің бұзылуы, өзін-өзі өлтірген адаммен өзін теңестіру, әртүрлі сылтаулар бойынша туатын қорғаныш, ызалану мен жабырқаудың әр алуан формалары.

Дәрігерлер өзін-өзі қол жұмсауды үш түрге бөледі: бірінші – анық күйзелістік жағдайдан кейін өмірдің мәнін жоғалтып, адам өзін ұзақ уақыт өлімге дайындайды. Екінші – жасырын суицид, адам өзін өлімге арнайы дайындамайды. Тек саналы түрде тәуекелге бел буу, күтпеген өлім.Үшінші – жұрттың көзінше ашық түрде өлімге бет алу. Бір нәрсені дәлелдеу үшін, біреуге ерегісу.

ЭКОЛОГИЯНЫҢ ДА ӘСЕРІ БАР

Америкалық психолог Едвин Шнейдмен суицидтің назар аударатын басты себебінің бірі - адам төзгісіз жан ауруы деп көрсетеді. Ол, шынында да, суицид тәннің емес, жанның ауруы деген. Психологтар суицид жасайтын жанның көпшілігі «Барлық күрделі мәселелерді шешетін тек қана ажал» деген пікірді ұстанатынын дәлелдеген. Ал өзіне-өзі қол жұмсауға ешбір күрделі проблемасы жоқ жандар да барып жатады. Мұндай жағдай көбіне психологиялық тұрғыдан әлсіз адамдарда болады. Олар өмірде кезде скен болмашы қиындыққа бола өлімге жүгінеді екен.

Иә, жан да адам денсаулығының бір бөлігі. Яғни психика. Тәнге әсер еткен нәрсенің барлығы жанға да өз ықпалын тигізеді. Осы жағынан алып қарағанда, біздің облыс бойынша «Суицид деректері Атырау қаласы мен Жылыой ауданында неге көп?» деген сауал туындайды. Рас, мұны көп ретте халық санының көптігімен түсіндіріп жатамыз. Бірақ, мәселенің байыбына барсақ, онда екі өңірдің де экологиялық проблемасы ушығып тұрған жер екенін көруге болады.

Біз денсаулық дегенде, адамның тән саулығына баса мән береміз. Бірақ, психика да сол бөлікке жататынын ескермейміз. Яғни жан да ауырады. Оған дене секілді қоршаған орта да теріс әсер етеді. Орта болғанда адам, қоғаммен бірге, ауаның ластануы, табиғаттың бүлінуі де адамның психологиясына, психикалық саулығына белгілі бір деңгейде өз зардабын тигізетінін байқауға болады. Зауыттардан атмосфераға тасталып жатқан тонна-тонна химиялық лас қалдықтардың құрамы адамның тыныс жолдарын, қан қысымына ғана емес, психикалық ағзасын да бүлдіретінін ескере бермейміз.

Лас ауа, тозған табиғат, бір сөзбен, зиянды қалдықтар радиациясымен уланған қоршаған орта алдында сана-сезімі әлі жетілмеген жасөспірімнің психикасы мүлдем дәрменсіз. Онсыз да «өтпелі кезеңде» өмір сүріп жатқан жағымсыз иіс, сүреңсіз көрініспен уланған баланың санасы одан бетер күйзелгіш, жігерсіз, қиындық алдында дәрменсіздік танытып, суицидке бейім болып шығады. Мұны мамандардың да жоққа шығара алмайтынын құлағымыз шалып қалған.

Сондықтан бұл мәселені экологиялық тұрғыдан да қарастыру қажет деп есептейміз. Бұған сіз не дейсіз, ойлы оқырман?

Ербол ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521