«БАЛАНЫ – ЖАСТАН...»

Соңғы кездері Құлсары қаласындағы орын алып жатқан жағдай барша жылыойлықтарды қатты алаңдатып отыр. Ол - жастар мен жасөспірімдердің топтасып төбелесуі, тұрғындардың түн тыныштығын бұзып, өзге де құқық бұзушылық әрекеттерге баруы. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген даналы сөз осындайда айтылған. Өйткені бұл да қоғамның бір дертіне айналып отыр. Сондықтан сол «аурудың» алдын алу мақсатында өткен аптада ауданға облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Әбдіғани Сейдуалиев келді.

Ол аудандық полиция бөлімінің басшысы Ринат Ықыласовпен бірге Құлсары қаласындағы №16 жалпы орта білім беретін мектебінде және С.Өтебаев атындағы мұнай және газ технологиялық колледжінде болды. Онда жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ұстаздар қауымы мен ата-аналармен кездесіп, жиналыс өткізді.

Жиында сөз алған департамент бастығының бірінші орынбасары Әбдіғани Тойшыұлы мен бөлім басшысы Ринат Абатұлы ата-аналарға жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында түсіндірме және ескерту жұмыстарын жүргізді. Әсіресе бала тәрбиесінде отбасылық қадағалау жасаудың өте маңыздылығын тағы бір еске салып, бұл ретте түнгі сағат 23:00- ден кейін оқушыларға көшеде, ойын-сауық орталықтарында жүруге тыйым салынатындығын қатаң ескертті.

Құқық қорғау органының басшылары соңғы кезде қалада орын алған құқық бұзушылық әрекеттердің себеп-салдары мен зардабы жайлы айта отырып, ата-аналарға жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында бірлесіп жұмыс жасауға шақырды. Ата-аналарды да көкейде жүрген көп сұрақтар мазалап жүргені анық. Оларға басшы азаматтар нақты жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Дәл осындай кездесулер Құлсары қаласы мен Жаңа Қаратон кентіндегі бірқатар мектептерде және Т.Байсырымов атындағы гуманитарлықтехникалық колледжде де болып өтті.

Иә, «Баланы – жастан,..» деп ата-бабамыз бекер айтпаған. Егер әр ата-ана өз баласын жасөспірім шағынан қатаң қадағалауға алса, онда тұрғындардың түн тыныштығын бұзған құқық бұзушылық әрекеттер орын алмас па еді?!

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521