Қос домбыраны қатар «сөйлеткен»

«Қыз Жібек» фильміндегі керемет көрініске арқау болған «Аққу» күйін білмейтін қазақ жоқ шығар. Шығарманың авторы және сол кинодағы нұсқасын алғашқы орындаушы әйгілі күйші Нұрғиса Тілендиевтің қос домбыраны қатар шертетін өзгеше өнері талайдың таңдайын қақтырған-ды. Бүгінде аты әйдік тұлғаның ізін жалғастырушылар көп болса да, осы бір ерекше қасиетін бойына дарытқан жастар некен-саяқ.

«Түсімде Нұрғиса атам аян берді»

Таңертеңгі уақытта «Қазақстан» ұлттық арнасында болатын «Таңшолпан» бағдарламасын көріп отырмын. Бір кезде қос домбыраны қатар қолына ұстаған бала «Аққу» күйін төгілте жөнелді. Сөйтсек, ол Құлсары қаласының тұрғыны Ғарифолла Мұхтаров болып шықты. осылайша, талантты жерлесіміздің ерекше қабілетіне бүкіл ел куә болды. Болашағынан зор үміт күттіретін өнерлі жас өренмен жақында тілдесудің сәті түсіп, өмірі мен өнері жайлы әңгімелескен едік.

Қаладағы №6 мектептің 9-сыныбында оқитын Ғарифолла домбыраны 9 жасынан бастап үйренген. Оған себепші әжесі екен.

–Домбыраны алғаш әжем сыйға тартқанда, оны үйренуге деген құлшынысым оянды. Сөйтіп, Құлсарыда жаңадан ашылған «Qasiet» өнер студиясының домбыра бөліміне қабылдандым. Онда Салтанат Алимовадан нотаны үйреніп, сабақ ала бастадым. Қазіргі таңда Әлішер Лапишев деген ұстазым дәріс беруде,-дейді ол.

Ғарифолла қазіргі таңда 15 шақты күйді еркін орындай алады. Тіпті ол аудандық, облыстық, республикалық байқауларда жеңімпаз атанып жүр. Әсіресе, қос домбырамен қатар орындалатын «Аққу» күйімен бір емес, бірнеше мәрте бас жүлдені қанжығасына байлапты. Өзіне жеңіс әкелетін бұл шынайы шығарма жайлы, жалпы қос аспаптың құлағында еркін ойнай алатын керемет қабілеті туралы сұрағанда, мына оқиғаны баяндап берді.

-Ақтау қаласында өткен конкурстан келе жатып жолда ұйықтап кетіппін. Сол кезде ғажайып түс көрдім. Нұрғиса Тілендиевтің сары жейдемен отырып, екі домбырасымен «Аққу» күйін орындайтын сәті бар ғой. Атамыздың дәл сол орнында өзім отыр екенмін деймін. Үстімде сондай жейде, қолымда қос домбыра, «Аққу» күйін ойнап жатырмын. Ұйқымнан оянып кеткенде, жаңағы түсім есімнен кетпеді. Ап-анық болып, ойымда тұр. Сондықтан бұл түсім Нұрғиса атамның маған берген аяны деп түсініп, жақсылыққа жорыдым. Осылайша әйгілі күйді қос домбырамен қатар орындауға бел будым. Құлсарыға келгеннен кейін ұстаздарыма осы ойымды айтып едім, олар бірден қолдап, маған екі аспапта қатар күй тартуды үйрете бастады. Содан бері қаншама конкурс өтті, ылғи да осы «Аққуды» орындаймын. Сәтті шығады да, бас жүлдені жеңіп ала бердім. Күйші атамның аруағы қолдайтын шығар,-дейді кейіпкеріміз.

Бас жүлдені қолдан бермеген

Екі жылдың ішінде айтарлықтай жетістікке жеткен Ғарифолланы ұстаздары мақтан тұтады. «Qasiet» өнер студиясының басшысы Салтанат Алимова шәкіртінің еңбекқорлығына, өнерге деген сүйіспеншілігіне риза болып жүретінін баяндап берді.

- Студиямыз Ғарифолла келген жылы ашылған болатын. Ең алғашқы қадамымыз осы талантты оқушымыздан басталған еді. Қазіргі таңда озат оқушыларымыз еңбегімізді көрсетіп, халыққа танытып жүргеніне қуанып отырмыз. Жалпы «Аққу» күйін қос аспапта қатар орындау өте күрделі. Оның үстіне домбыраны меңгергеніне екі жыл ғана болған өнерпазға сахнаға алып шығу қиынға соғады. Соған қарамастан, шәкіртіміз үмітті ақтады. Қасиет деген осы шығар!-дейді Салтанат.

Жалпы Ғарифолла Мұхтаровтың конкурстағы алғашқы қадамы киелі Маңғыстау жерінен басталған. Онда ол “Атадан Мұра” қоғамдық қорының ұйымдастырған республикалық сайысында Ә.Желдібаевтың “Ерке сылқым” күйін орындап, Бас жүлдені иеленді. Бұдан соң Астана қаласында өткен “SOUL MISIC” МҰРАГЕР қоғамдық қоры ұйымдастырған халықаралық байқауда, Атырау қаласында өткен “ӨНЕРЛІ ҰРПАҚ” республикалық сайыста, «Үміт» оқу орталығы ұйымдастырған республикалық “Сөнбейді шырағың” атты конкурста да бас жүлдені жеңіп алды. Осы байқаулардың барлығында да кейіпкеріміз «Аққу» күйін күмбірлеткен екен.

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» демекші, мұңы, қуанышы мен қайғысын қазақ ықылым заманнан бері қос ішекті қоңыр домбыраның қасиеті арқылы жеткізіп келеді. Біздің өңірден де небір мықты күйшілер шықты. Соның ішінен ерекше қабілетті Ғарифолладай жас күйшінің жарқырап шыққаны қуантады. Ендеше, тума талантты ұрпақ өсіп келе жатқанда, ұлттық брендімізге айналған киелі аспаптың үні әлемге таныла беретініне сенеміз.

Перизат ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521