«Мамандық таңдағанда қателескен жоқпын»

«Теңізшевройл» біріккен қазақ-американ кәсіпорны құрылған 90-жылдардың бел ортасында алғашқы мердігер мекеменің бірі ретінде Теңіз кенішін асхана қызметімен қамтамасыз еткен отандық компанияны басқарған бір ағамыз: «Шетелге барсаң аспаздық қызметті ер адамдар атқарады, содан көріп жергілікті жігіттерімізді осы кәсіпке баулып көріп едім, ештеңе шығара алмадым» деп қынжылғаны бар-ды.

Расында да шет мемлекеттерде, соның ішінде өзіміздің бауырлас Түркия еліне бара қалсаңыз асханалар мен түрлі тамақтандыру орындарында ас пісіріп, тамақ дайындап жатқан ер-азаматтарды көресіз. Өкінішке орай, бұл кәсіптің тұтқасын біздің өңірде көбіне көп әйел адамдар ұстап жүр. Жігіттер жағы «дайын асқа тік қасық» болып, тек тамақ ішіп, аяқ босатуды біледі. Көбінің таңдайтыны жұмысшылық кәсіп.

Әрине, түсінуге болады. Қазақтың менталитетінде қазан ошақтың басы-қасында нәзік жандылар жүруі тиіс. Бірақ біздің өңірде өтіп жататын кейбір садақаларда ет асу, күріш пісіру секілді ас мәзірін ер-азаматтардың әйелден артық әзірлейтінін ескерсек, бұл кәсіптің де жігіттерімізге жат еместігін көруге болады. Ендеше соны кәсіп етіп, неге шетелдіктер секілді аспаздықты жетік меңгеріп кетпеске?! Ал біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз жас та болса, осы саланың білгір маманына айналған азамат. Бір сөзбен айтқанда, жоғарыдағы сөз еткен ағамыздың арманындағы жігіт дерсің.

Иә, расында да аспаздық - бүгінгі нар көтермес нарықтың ауыртпалығы екі өкпеден қысып тұрған заманда сұранысы өте жоғары мамандық. Сондықтан да қос қолына осы кәсіп түрін таңдаған Аяған Ермекұлы өзге жігіттер секілді жұмыссыз қаламын деп қорықпайды. Таудай талабы мен еселі еңбегінің арқасында көркейіп, бүгінде Теңіз кенішіндегі «ЮСС СУППОРТ СЕРВИСЕЗ» компаниясында қоғамдық тамақтандыру бөлімінің басшысы қызметін атқарып жүр.

Аяған Андақұл – егіздің сыңары. Олар 1999 жылдың 19 қарашасында Құлсары қаласындағы қарапайым отбасында дүниеге келген. №9 мектептен негізгі білім алып шыққан соң Сафи Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжіне аспаз мамандығына оқуға түседі. 2015-2018 жылдар аралығында осы оқу ордасында білімін жалғастырып, аспазшылық кәсіптің қыр-сырын меңгерді. Колледжді бітірген жас түлекке өз мамандығы бойынша жұмыс табу да қиынға соқпады. Көп ұзамай алғашқы еңбек жолы Теңіз қалашығындағы «ЮСС СУППОРТ СЕРВИСЕЗ» компаниясында қатардағы аспазшылықтан басталды.

2018 жылдың 21 наурызынан күні бүгінге дейін осы мердігер мекемеде еңбек етіп келе жатқан Аяған осы уақыт аралығында алдыңғы буыннан көп нәрсе үйрене жүріп жеткілікті тәжірибе жинақтады. Өзге кәсіп иелері секілді оның да осы саланы дамытсам деген арманы зор, соған сай алдына қойған мақсаты да айқын.

Әрине, Теңіз кенішінде көптеген шетелдік компаниялар жұмыс жасайды. Олардың барлығы кез келген қызмет түрінің әлемдік стандартқа сай сапалы көрсетілгенін қалайды. Сол секілді жұмысшы-қызметкерлердің күнделікті ауқаттанатын асхана жүйесіне қойылар талап та өте жоғары. Ал осы қызмет түрін жүзеге асыратын «ЮСС СУППОРТ СЕРВИСЕЗ» компаниясы мердігер мекеме ретінде ТШО-ның алдындағы міндеттемесін мінсіз орындап келеді. Мұның артында өз кәсібін әлемдік деңгейде жетік білетін мықты аспазшы мамандар, олардың жұмысын бір жүйеге келтіріп, реттеп отыратын іскер басшы тұрғаны анық. Осы жағынан алғанда Аяған Ермекұлы дүниежүзілік деңгейдегі ерен еңбек иесі деуге тұрарлық.

Құлсары қаласындағы жұмысшы мамандар даярлайтын колледжден алған біліммен осыншама дәрежеге көтерілу, әрине, кез келген жігіттің қолынан келе бермейтіні белгілі. Мұндай арман мен мақсатқа жету тек өз мамандығын құлай сүйген, өз кәсібін жетік меңгерген білімді де білікті жастан шығады. Әйтпесе ол көптің бірі болып, қарапайым аспазшылық қызметті атқарып жүре берер еді. Бірақ талапты жігіт аз уақытта тау қопарды.

2017 жылы колледжде оқып жүргенде-ақ көзге түсіп, Атырау қаласында өткен «World Skills» байқауына қатысып, арнайы сертификатпен марапатталған Аяған Андақұл еңбекке араласқан 2021 жылы компанияның «Үздік қызметкері» атағын жеңіп алды. Сөйтіп қатардағы аспазшы жігіт кейін асхана меңгерушісі қызметіне жоғарылап, көп ұзамай компанияның қоғамдық тамақтандыру бөлімінің басқара бастады. Бүгінде жас та іскер басшы қарауындағы 150 адамды ұтымды ұйымдастырып, Теңіз кенішіндегі жұмысшы-қызметкерлерді сапалы ас мәзірімен қамтамасыз етуге бар күш-жігерін жұмсап келеді.

-Мен мамандық таңдаудан қателескен жоқпын. Өз кәсібімді меңгеріп, осы салада еңбек етіп жүргеніме қуаныштымын. Алға қарай да өзіме жүктелген міндетті мінсіз атқаратын боламын,-дейді Аяған Ермекұлы.

Иә, сөз басында тілге тиек еткен ағамыздың арманын іске асырған жас жігіттің болашақта да әлемдік деңгейдегі мықты маман атанып, өзіне артылған міндетті абыроймен атқара береріне сенім мол. Өйткені ол - адал еңбектің адамы!

Жансая Әбдікәрімова

#еңбеккүні

#еңбекадам

#EnbekEri

#адалеңбек

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521