«ҮЗДІК ЖОБАНЫ» ЖЕҢІП АЛДЫ

Жастық шақ! Бұл – адам баласының ересек өмірге көшу кезеңі, экономикалық-қаржылық тәуелсіздікке ұмтылу мен әлеуметтік-саяси мәселелерге қатысуға барынша ынталы дәуірі. Мұндай ынта жеке адам мен қоғам үшін ғана маңызды емес, сол елдің дамуы мен елдегі жастар саясатын қалыптастыруда да өзекті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз қызметіне кіріскелі бері елдегі жас буынға ерекше ден қойды. Қазақстандық жастарды жалпы қоғамдық үдерістерге қосу мақсатында ынталандыру іс-шаралары іске асырылып, олардың өзін-өзі қызмет көрсетуі мен өз армандарын жүзеге асыруы үшін мемлекеттік деңгейде кешенді саясат жасала бастады.

Жастарға арналған игілігі мол бағдарламаның бірі – «Жасыл ел». Бұл жоба 2005 жылдан бері жүзеге асырылуда. Жалынды жастардың көмегімен құрылған бұл бағдарлама 18 жылдан бері жақсы нәтиже көрсетуде. Жалпы бағдарламаның мақсаты – жастардың күшімен елімізді көгалдандыру, елді мекен айналасын жасыл желекке орап, көркейту, сонымен қатар жастардың Отанға, жерге деген махаббатын, патриоттық сезімін ояту. Ең бастысы – олардың бос уақытын еңбекпен, тиімді өткізуге баулу. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қағиданы өскелең ұрпаққа мейлінше ұғындырып, жазғы демалысын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік те беріп отыр. Бұл бағдарлама біздің ауданда да тиімді жүзеге асырылуда.

Биыл жоба аясында Құлсары қаласымен қатар кент және ауылдық округтер бойынша 190- нан астам жас жұмысқа тартылып, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жасады. Олар 3 айдың ішінде әр жұма сайын "trastag", "Таза аймақ, таза қала" тазалық акцияларына белсенді атсалысты. Акция аясында "Қамыскөл" көлі жағалауын қоқыстан тазартты. Сондай-ақ, тамыз айында "Сырлау" акциясы бастау алды. Еріктілер аталмыш шара барысында қаламыздағы 5 және 8-учаскеде орналасқан ескі балалар ойын алаңшаларын қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізіп, "Нұрсая" саябағындағы орындықтарды сырлады.

Одан бөлек, еңбек жасағының мүшелері "Upgrade" акциясы аясында қаламыздағы "Алтын адам" және "Қ.Сыдиықов" ескерткіштерін жуып, тазалады.

Жақында Атырау қаласындағы Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияда "Жасыл ел" еңбек жасағының XIX маусымының жабылу салтанаты болып өтті. Дәстүр бойынша онда жылдың қорытындысы шығарылып, үздіктер марапатталды. Мерекелік жиынға облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сағдат Ажғалиев қатысып, маусым бойы белсенділік танытып, еліміздің көркеюіне үлес қосқан жастарға алғысын білдірді.

Шарада сөз алған Сағдат Ажғалиев "Жасыл ел" жастар еңбек жасағының маңыздылығына тоқталып өтті. - Келешек ұрпаққа экологиялық білім беріп, оларды еңбексүйгіштікке, патриоттыққа, жинақылық пен тазалыққа тәрбиелейтін «Жасыл ел» бағдарламасының өскелең ұрпақ үшін маңызы зор. Осы арқылы қаншама жас бос уақытын тиімді өткізіп, еліне қызмет етуде. Жыл сайын «Жасыл елде» еңбек еткісі келетін жастар санының артуы да көңіл қуантады. Өңірімізде жастарды ілгері дамытуға арналан жобалар да, мүмкіндіктер де аз емес. Тек оны өз керегіне қарай дұрыс пайдалану әрбір жастың құзырындағы жұмыс, - деді ол.

Салтанатты жиында аудандық Жастар ресурстық орталығы "Үздік жоба" номинациясына ие болды. Осы тұста аудандық орталықтың басшысы Әлібек Амандықов:

-Біз үшін еңбек маусымының жабылуы – ең маңызды шаралардың бірі, себебі жабылуда біз жылды қорытындылаймыз. Мұндай құрмет атқарылған жұмысты әділ бағалаумен қатар келесі жылы жаңа міндеттерді сапалы орындауына атсалысуға ынталандырады. Сондай-ақ, уақыт өткен сайын жалпыұлттық бастамаға үн қосып, қолдау білдіруші студенттердің, жалпы жастардың қатары ауданымызда артып келеді. Қай дамыған мемлекетті алып қарасаңыз да, жастардың белсенділігі өте жоғары. Бар шаруа жастардың жұмыла қатысуымен бітетіні белгілі. Сондықтан да еліміздің, қала берді ауданымыздың гүлденіп, одан әрі өркендеп, озық мемлекеттердің қатарынан орын алуында бұл бағдарламаның берері мол,-деді.

Иә, «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» жалындаған жастарға иек артқанның жөні бөлек. Кез келген мемлекеттің қозғаушы әрі белсенді күші жастар екенін осы уақытқа дейін айтудай-ақ айтып келдік. Мемлекет басшысы оныншы бағытты жас ұрпаққа арнағанынан барлығы хабардар. Демек, ел ертеңіне айналған жас буынға көрсетілген қолдау да, жасалған жоба да жоқ емес. Ал жастар күні сондай жарқын істердің бастаушысы деп бағамдаймыз.

Айнұр МЕЙРАМБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521