Ақынның туған күнінде...

Өткен аптаның жұма күні жыр сүйер қауым мұзбалақ ақын Мұқағалидың туған күнін атап өтті. Одан жылыойлықтар да тыс қалған жоқ. Осыған орай “Кең Жылыой” мәдениет үйінде ұйымдастырылған аудандық “Мұқағали-Фариза” атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы – соның айғағы. Мұқаңдай сыршыл ақынның туған күнінде өткен сөз сайысында Фариза жырларының да оқылуы бекер емес. Биыл «Қазақ поэзиясының падишасы», ақын, журналист Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл.

Қос ақынның өлеңіне құштар көрерменнің қарасы да көп болды. Ауандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйтқы болуымен өткен жыр додасына 14 пен 25 жас аралығындағы 40-қа тарта жас келіп бақ сынады. Бірақ іріктеуден ірі шыққан 19 сайыскер ғана ақтық сынға жолдама алды. Сайыс қатысушыларына бөлім басшысы Әлібек Науаров, Жастар ресурстық орталығының директоры Әлібек Амандық пен «Жастар» халық театрының әртісі Дархан Смайлов қазылық етіп, әділ бағасын берді.

Негізгі кезеңде көркемсөз оқу шеберлері Мұқағали Мақатаевтан және Фариза Оңғарсынованың шығармасынан бір-бір өлеңді жатқа оқыды. Сайдың тасындай іріктелген үміткерлер сахнада әр өлеңді нақышына келтіре мәнерлеп оқып, көрерменнің көңілінен шыға білді. Алғашқы кезеңде Фаризаның «Өлең», «Жетімнің монологы», «Әйелдің монологы» сынды жырлары көбірек оқылса, соңғы сәттерде Мұқаңның «Жоқ, дәрігер», «Пай, пай, өмір», «Өкінбеймін», «Ғашықпын» сияқты шығармалары көрермендер жүрегіне жол тартты.

Жыр додасында ақыры «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларды» анықтайтын кез де келіп жетті. Қазылар алқасының ұйғаруымен №3 мектептің 10 сынып оқушысы Айым Сәндібекқызы, жеке кәсіпкер Диана Ізбасар және №1 мектептің 10-сынып оқушысы ІІІ орынға лайық деп танылды. №9 орта білім беретін мектептің 10 сынып оқушысы Мадина Каримова ІІ орынды иеленсе, №3 мектептің 11-сынып оқушысы Ерназ Жаңбырбай І орынды қанжығасына байлады. Ал №21 жалпы орта білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Салтанат Айтуова бас жүлдені жеңіп алды. «Кең Жылой» газетінің тілшісі Ерназ Ахметкәрімов арнайы жүлдеге ие болды.

Барлық қатысушылар мен жеңімпаздар дипломмен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Е. АЛТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521