Бас жүлде – Дәулетте

Жүргізуші болу да өнер. Белгілі бір шараның сценарийін сахна мәдениетіне сай сөйлете білу, көрерменнің көңілінен шығу кез келген жанның қолынан келе бермейді. Сондықтан мәдениет үйі қабілеті бар жастарды ел ішінен іздейді. Осы мақсатпен жылма-жыл өткізіліп тұратын жүргізушілер байқауы биыл да өз мәресіне жетті.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен “Кең Жылыой” мәдениет үйі ұйымдастырған “КОНФЕРАНСЬЕ-2024” аудандық жүргізушілер байқауына осы жолы 10 үміткер қатысып, бақ сынады. 16-35 жас аралығындағы жастар үш кезеңнен тұрған сайыста өздерінің қабілет-қарымын жан-жақтан көрсетті.

Көрерменнің қарасы аз болғанымен, өнерді сүйетін нағыз жанкүйерлер жиналып, үміткерлерге кеңінен қолдау көрсете білді. Алғашқы кезеңде үміткер сахнада сөйлеу мәдениеті мен дауыс ырғағын көрсетуі тиіс-ті. Ол үшін монолог немесе өлең оқу шарт болса, келесі кезеңде алдын ала дайындап әкелген сценарийін оқыды. Ақтық кезеңде қатысушылар сахнада арнайы ситуациалық және импровизациялық сұрақтарға жауап берді.

Жеңіске ұмтылған үміткерлердің өнеріне аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Науаров, облыстық конферансьенің жеңімпазы Назгүл Жиенбаева, «Жастар» театрының әртісі Шакират Елеместер лайықты бағасын берді. Нәтижесінде қазылар алқасының ұйғаруымен ІІІ орынды Арайлым Бауыржанқызы, ал ІІ орынды Айсәуле Құтжанова иеленді. Ал «Кең Жылой» газетінің тілшісі Ерназ Ахметкәрімов жүлделі І орынды жеңіп алса, байқаудың Бас жүлдесін майкөмгендік мұғалім Дәулет Мәдиев қанжығасына байлады. Жеңімпаздар арнайы дипломмен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Байқаудың қорытындысында сөз алған ұйымдастырушылар алдағы уақытта барлық жеңімпазға мерекелік шаралар тізгінін ұстатып, өнерін одан әрі шыңдауына мүмкіндік беретінін айтты. Өнерді сүйген жастар да болашақта қапы қалмай, қоғамдық жұмысқа белсене атсалысатынын жеткізді.

П.Қизатова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521