Қабекең мен Әбекең

1959 жыл – қазақ әдебиетінің тарихындағы ерекше есте қалатын кезең. Осы жылы классик жазушымыз Мұхтар Әуезов қос томдық «Абай жолы» эпопеясы үшін Лениндік сыйлық иеленді. Бұл дәуір қазақ әдебиетіне, әдебиеттану ғылымына жас толқындардың көптеп келіп жатқан шағы. Осы жастардың шығармашылық қадамын үнемі қадағалап, пікірін білдіріп отыратын ғұлама ғалым-жазушының үміт күткен жастарының бірі – Әбіш Кекілбаев пен Қабиболла Сыдиықов болатын. Екеуі де жастығына қарамастан, жеке шығармашылығымен қатар, әдебиет саласы жиындарында батыл ойларымен дараланған және қазақ ауыз әдебиеті мен Абайтануға қатысты жүйелі зерттеушілік ізденістерімен көрініп жүрген кезі еді.

Газеттегі құнды дерек

Мен, осы жолдардың авторы жас кезімнен әкем Бердіхан Есболов, алғашқы ұстазым, КСРО-ның халыққа білім беру ісінің үздігі Сары Ыбыраевтың ықпалымен баспасөзді көп оқыдым. Кітап пен газет-журналды көп ақтаратынымды байқаған белгілі дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Әбдіхамит Есболов ағам құнды деректері бар газет-журналдардың нөмірлерінен, мерзімін жазылған қиындыларынан тігінді жасауға кеңес берді. Осылай жұмыстанып жүргенімде, Қ.Сыдиықов пен Ә.Кекілбаевтың академик-жазушы М.Әуезовке 1959 жылдың желтоқсан айында қойған анкеталық сұрақтары мен оған ғұламаның берген жауаптары басылған "Лениншіл жас" (қазіргі «Жас алаш») газетінің 1960 жылғы №1 санын қолға түсіріп, өзімде сақтадым.

Мен Қабиболла ағамен 1965 жылдан таныстығымды, інілігімді алға салып, 1991 жылы Қашаған жырау Күржұманұлының 150 жылдық мерекесіне келдім. Қасындағы серіктері өнер зерттеушісі Ізбасар Шыртановты, "Егеменді Қазақстан" газетінің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі Жоламан Бошалақов, белгілі жазушы, досым Әбілхайыр Спановтарды 1 маусымда өз үйімде қонақ қылдым. Сонда Қабекеңе сол газетті көрсеткенімде, аға қатты риза болып, сол алыста қалған ұмытылмас сәттерді әңгімесіне арқау еткен-ді. Кейін 2002 жылдың көктемінде Әбіш ағамыздың зайыбы Клара жеңгей мен елдің танымал азаматтары Сайын Назарбеков, Күріш Тасболатов, ақын інілеріміз Светқали, Сабырлармен Ермұхан Медағұловтың үйінде бірге болғанымызда, Қаби ағамен екеуінің М.Әуезовке жазған анкетасын еске салдым. Әбіш аға қатты қуанып, сол жастық күндерін есіне салғаныма алғысын айтты.

Биыл Қабиболла Сыдиықов ағамыздың туғанына 90 жыл толу мерейтойына орай ағалардың академик-жазушы ұстаздары М.Әуезовпен сырласу бағытындағы анкеталық сұрақтары мен жауаптарын көпшілік назарына ұсынуды ұйғардым. Сол мақсатпен мақала жазу үшін газетті қанша іздесем де таба алмадым. Көшіп-қонып жүргенде жоғалтқан болуым керек. Содан Қабиболла ағаның зайыбы Гүлшат жеңгемізге хабарласып, ол орталық архив қызметкерлерінің көмегімен М.Әуезовтың музейінен анкетаның көшірмесін алып, маған электрондық нұсқасын жіберді. (Жалғанды. Э. нұсқа Қор №2283, тізім №1, іс №40, парақ 3) Ал "Академик-жазушы М.Әуезовтың жаңа жылдық анкетасы" жарияланған бұрынғы «Лениншіл жас» газетінің электрондық көшірмесін медицина ғылымдарының кандидаты Әзірбай Ораз жеткізіп берді. (Жалғанды.Э нұсқа Лениншіл жас газеті №1(4876) жұма1 январь 1960 жыл 2 бетте) Әрине, бұл ретте қол үшін беріп, көмектескен Гүлшат жеңгеме, Әзірбай жиеніме алғысымды білдіремін.

«Академик-жазушы М.Әуезовтың жазушылық анкетасы»

Қарап отырсақ, 1959 жылдың желтоқсанында Ә.Кекілбаев – 20 жаста, ал Қабиболла Сыдиықов 25 жаста екен. Жас болса да, олардың білім құмарлығына, алға қойған мақсатын аяғына дейін жеткізбей қоймайтын табандылығына таңдандым. Сондықтан ұстаздарына жазған анкеталық сауалдарын, Қабиболла ағаның өз қолымен жазылған тарихын, содан алған тағылымын көп өзгеріссіз газет оқырмандарына ұсынғанды жөн көрдім.

«М.Әуезовке КазГУ (бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті) студенттерінің анкеталық сұрақтарын жазған кезде Әбіш Кекілбаев университеттің филология факультетінің әдебиет бірлестігінің старостасы, ІІІ курс студенті, ал мен сол бірлестіктің тілі - «Жас шабыт» газетінің редакторымын, V курста оқимын. Бір күні Әбіш келіп, «Мұқаңа сұрақтар берсек қайтеді?»- деді. Екеуміз Әбіштер оқитын аудиторияға барып, сауалдарды жаза бастап едік, сабақ басталып кетті. Мұқаңның лекциясы екен. Аудитория толы адам. Мұқаң университетте оқитын мен түгіл, өзге кісілерді де аңдап байқаған жоқ. Оның сабағын тыңдауға астанадағы жоғары оқу орындарының бәрінен студенттер көп келетін. Бұл жолы да солай екен. Мұқаң дәрістерін бұрын талай тыңдасам да, осы жолы да жан-дүнием кеңіп, бір жасағандай рахат хал кештім.

Әбіш екеуіміз үзілісте оншақты сұрақ дайындап, оны бір бет қағазға жазып, қазақ әдебиеті кафедрасында отырған Мұқаңа апарып бердік. Екі күннен кейін кафедра есігінен қарасам, Мұқаң отыр. Қасында қоғадай жапырылып, бас изеп, әңгімесін тыңдаған доцент, профессорлар. Мені көре сала:

- Е, бала, мында келші, мына анкетаны ала келдім. Өздеріңіз сұрақты қысқа жазған екенсіздер, мен де қысқа бердім,- деп, өзіміз жазған бір бет қағазды қолыма ұстатты. Сол сұрақтар мен Мұқаңның жауабы мынадай еді:

- Сіздің алғаш жазған шығармаңыздың аты не, оның тағдыры қандай болды?

- «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше, тоқал». Соңғы пьеса жақында шығатын жинағымда басылады.

-Сіз қойын дәптер жүргізесіз бе, жүргізсеңіз оған не жазасыз?

-Жолда жүргенде жол дәптерім болады. Оған тек фактілер ғана емес, жолай туған ойларды да, табиғат суреттерін де жаза жүрем.

-Сіз шығарма жазу үстінде отырғанда қандай жағдайды ұнатасыз.

-Алаңсыз көңіл – ең үлкен шартым дер ем. -Сіз шығарма жазу үшін алдын-ала жоспар жасауға қалай қарайсыз?

- Ол қажет, бәрінен қажет. Мен үшін ең ұзақ «пісу», «қайнау» шақтары сол.

-Сіз шығармаңызды жазу үстінде өңдейсіз бе? Әлде, әбден жазылып біткен соң, біржолата редакциялайсыз ба?

-Бөлім-бөлімнен үзіп-үзіп түзеп отырам.

- Сіз бір шығарманы әбден аяқтап болып, екіншісіне көшесіз бе, әлде бірнеше шығарманы қатар жаза бересіз бе? (Бірін бастап, екіншісін орталап).

-Көркем шығарманың екеуін қатар істемейм. Ал зерттеуді аралас істей беру әр кездегі дағдым.

-Шығарманы жазу үстінде айлап, апталап үзіліс жасаудың қандай пайда-зияны бар деп ойлайсыз?

-Аса көп пайдасы бар. Бірталайды жазып қойып, тастап кетіп қайта оралып еңбектену өте нәрлі болады деп білемін.

-Сіз қай мезгілде, күніне қанша сағат жазасыз? Қанша уақытыңыз оқуға, демалуға кетеді?

-Шығарманы таңертең, кейде кешке жазам. Зерттеуді де солай. Көп уақытым оқуға кетеді.

-Дүниежүзі әдебиеті классиктерінен ерекше бағалайтыныңыз кім?

-Әрі прозашы, әрі драмашы болғандығымнан шығар: Лев Толстой мен Вильям Шекспир.

-Жаңа жаза бастаған жазушыдан, сіз, ең алдымен, нені талап етер едіңіз?

-Бір жазғанын қайта-қайта жаза беру, өзін-өзі сынап қарай білу.

Ғұлама ғалым жазушының қаламгерлік сырларының кейбір қырларынан қызықты мағлұмат беретін бұл анкетаны біз «Жас шабыт» газетімізде жарияладық. «Академик жазушы М.Әуезовтің жастарға берген анкетасы» деп бізден көшіріп, «Лениншіл жас» газеті шығарды. Менің қолыммен жазылған сұрақтар арасына, Мұқаңның уақ әріптермен жауаптары жазылған бұл қымбат қағаз қазір Әбіш Кекілбаевтың жеке архивінде сақтаулы. Көшірмесі М. Әуезов музейінде. Қ.Сыдиықұлы».

Кемелхан Есболов,

ҚР Білім беру ісінің үздігі,

Атырау мемлекеттік педагогикалық институтының 1972 жылғы түлегі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521