ОҚЫРМАННЫҢ «ШЫНАЙЫ ДОСЫ»

Жылойлық журналист, жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Жылыой ауданының Құрметті азаматы Қонаш Қалдыоразұлы – ауданымыздың әдебиет саласының дамуына өзіндік үлес қосып жүрген қаламгер. Осы уақытқа дейін 91 кітапты жарыққа шығарып үлгерген қаламгер аудандық орталық кітапханаға барлығы 1000-нан астам әдеби еңбегін тарту еткен болатын. Жазушы шығармаларының кейіпкерлері өңірдің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан тарихи тұлғалар: майдангерлер, ұстаздар, еңбек ардагерлері, мұнайшылар, жүмысшылар, ауыл шаруашылығы, мәдениет, өнер саласының еңбеккерлері туралы жазылған. Айталық, «Ел анасы – Ер ана» кітабы Ұлы Отан соғысы кезінде ауданның ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосқан Социалистік Еңбек Ері Сәли Шәкірованың өмірі мен еңбек жолына арналған. «Халық мұғалімдері» 1,2-ші кітабында білім саласының тарихы, қос дәуірдегі ұлағатты ұстаздар жайлы сыр шертеді. Ауданның оқу-ағарту ісінің дамуына елеулі үлес қосқан мұғалімдер Б.Шөкеев, Ғ.Сарқытов, Ж.Ізтұрғанов, К.Ахметқызы, Ж.Құлекенов, Ж.Нұрмахан, Қ.Байшахановтар жайлы жазылса, «Майдангерлер» еңбегінде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жылыойлық майдангерлер мен майдан даласынан оралмаған боздақтар жайлы баяндайды. «Мұнайлы өлке жұлдыздары» кітабында мұнайшы-бұрғышылар Социалистік Еңбеккерлері Ұ.Әбдрахманов, З.Балкенжиев, Ә.Махутов, А.Мұқамбаевтың өмір жолы, олардың Қазақстан мұнай өнеркәсібінің дамуына қосқан үлесі туралы әңгімелейді.

«Дала сазы»-ның І кітабында Жылыойдың мәдениет, өнер саласының дамуына үлес қосқан Тоқсанбай Құлтумиев, Зәбен Жарылғасов, Айтқали Жайымов сынды өнер иелері жайлы мағлұмат берілген. Ал жазушының «Шежіре - ел тарихы» атты шығармасында кіші жүз рулары, адайдың бес арыс Бегімбетінің шежіресі және осы рудың батырлары, ақындары мен шығармалары енгізілген. «Қабиболла - Меңдекеш» атты еңбегі де құнды. Ол бірі – ғалым, әдебиеттанушы, бірі - ақын-журналист ретінде елге танымал ақкиізтоғайлық қос арыс жайлы эссе, естеліктер, өлеңдер жинағынан тұрады. «Көлбеңдеп көңіл төрінде» атты кітабына әр жылдарда ел аузынан естіген тәрбиелік мәні бар аталар сөзі, аңыз әңгімелер,т.б. әңгімелер жиынтығынан тұрады.

«Тағдырымның тамыры» атты кітабында бұрынғы «Ембі» газетінде тілшілік қызмет атқарған кездегі жарияланған мақалалары топтастырылған. «Өмір иірімдері», «Сексеннің сеңгірінде» деген ғұмырнамалық еңбектерінен қаламгердің өмірі мен шығармашылық белестері жайлы мол мағлұмат алуға болады.

Сондай-ақ қаламгердің «Тоғысқан тағдырлар», «Махаббат әні», «Шуақты жүрек», «Ана туралы ән», «Мұнайшы арулар соғыс жылдарында», «Ағалар – асыл жандар» 1,2,3,4 кітаптары, «Қазына мекені», «Замана сарбаздары», «Хабар-ошар», «Қасиетті қариялар», «Өмірді сүю», «Дала қызғалдақтары», «Жоғалған жеті махаббат», «Адам жаны» «Ана туралы ән» секілді басқа да прозалық шығармалары мен «Бақытым менің өлеңде», «Сені іздедім», «Тақырыпты өзі берді өмірдің» атты поэзия жанрындағы шығармалары да бар.

Жазушы шығармалары барлық кітапхана бөлімшелеріне таратылған. Оқырман қауымға дәстүрлі түрде тұрақты кітап көрмесі, библиографиялық шолу, әдеби кеш және заман ағымына сай фейсбук желісінде бейне шолу, бейнебаян түрінде де жарияланып, насихатталып келеді. Қаламгер шығармалары әсіресе жастарды туған жер, оның тарихы, тұлғаларын тануда, алдыңғы аға буынның ерлік еңбектерінен үлгі-өнеге, тағылым алуда тигізер пайдасы зор.

«Кітап жансыз, бірақ шынайы дос» деген екен Виктор Гюго. Ендеше руханият ордасынан өзінің рухани азығын тарту еткен ақын-жазушы Қонаш Қалдыоразұлының еңбектері оқырман қауымның, әсіресе жастардың шынайы досына айналарына сенім мол.

Балзия КЕНЖЕБЕКОВА,

аудандық орталық кітапхана директоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521