Ескерусіз қалған есімдер

Елге еңбегі сіңген ерлерді, ардагер азаматтар мен абыз ақсақалдарды ардақтау - қашанда ортақ парызымыз. Олардың есімін есте қалдыру мақсатында түрлі-түрлі тиімді шаралар өткізіп, көпшілік көңілінен шығардай шырайлы шешімдер алып отыруымыз қажет. Сонда ғана өскелең ұрпаққа ұлағатты ісімізбен үлгі-өнеге қалдырып кетеріміз хақ.

«КОММУНИЗМ» ҚАЛАЙ “ЖАҢА ТАҢ” БОЛДЫ?

Мен ұзақ жыл аудандық ономастикалық комиссия хатшысы болғаным бар. Осы уақытта талай жер мен елдің тарихи атауларын қалпына келтіруге атсалысып, біраз тер төктік. Бірақ, еңбегімізге бұлданғанымыз жоқ. Көптеген ағалардың, азаматтардың есімін көшелерге, мектепке беруге атсалыстық.

Ұзақ жыл комиссия төрағасы аудандық білім бөлімінің басшысы Мәжит Сағиев сынды сындарлы, іскер, турашыл азамат болды. Ол көп сөзге жоқ, бір айтып шеше білетін шебер де шешен сөйлейтін басшы ретінде көріне білді. Бір ғана Құлсарыдағы көпқабатты І, ІІІ ықшамауданда орналасқан орта мектептерге Далабай Жазықбаев пен Меңдекеш Сатыбалдиевтің есімін беруде ерекше белсенділік танытуы неге тұрады?!

Бірде, 1992 жылдың 26 ақпанында, комиссия мәжілісі өтіп, “Коммунизм таңы” совхозының Аманкелді атындағы мектебінің атын өзгерту жөнінде мәселе қаралды. Айтыс-тартысты жағдайда әңгіме ұзаққа созылып, кетті. Біреулер совхоз атын “Ақмешіт, ендігісі “Бірлік” деп өзгерту керек деді. Комиссия мүшелері Ж.Нұрмақанов, М.Ғалымов, А.Жылгелдиев екі жарылып, дүдәмал ой айтты. Сосын мен отырдым да:

-Кеше совхоз директоры Тілекқабыл Жанаевпен сөйлестім. “Жаңа таң” деп өзгертсек қалай болады деп едім, келіскендей болды, - дедім.

- Бұл дұрыс болар, қайта құру - жаңарудың, егемендіктің жаңа таңы атты ғой, - деп келісім білдірді Мәжит. Бәрі осы атауға тоқтады.

«ЖАҚСЫ АТ БЕРМЕЙТІН ЖҰМЫС»

Аманкелді мектебіне жерлес әдебиеттанушы ғалым, ақын Қабиболла Сыдиықов есімін беру ұйғарылды. Амал не, ауылдағы әлдекімдердің қарсылығы мен кедергісінің кесірінен Қабиболла ағаның аты мектепке берілмей қалды. Әлі күнге солай.

Сондай-ақ, осы күні Шоқпартоғай ауылындағы Жданов, Құлсарыдағы Н.Островский атындағы мектептің аттары да өзгертілетін болды. Жданов атын Жылыой атымен өзгертуге бәріміз де қарсылық білдірдік. Ал Н.Островский жерлесіміз, Ұлы Отан соғысының ардагері, құралайды көзге атқан атақты мерген Есқайыр Халықов атына ауыстырылды.

Мәжілістерде комиссия мүшелері арасында рушылдықпен «ананың, мынаның есімін мектепке, көшеге берейік» деген әңгімелер көп айтылды. Мәселен, Жанаш ағамыз Жылыойда туғанмен, бұл өлкеге еңбегі сіңбеген журналист, марқұм Сәңгерей Жұмабайұлы Тәжіғұловқа көше атын бергісі келсе, ал Амангелді Жылгелдиев әуесқой сазгер Зәбен Жарылғасов есімін саз мектебіне еншілетпекші болды. Бұл тілектерін әлденеше рет өткізуге тырысты. Бірақ, Мәжит Сағиұлы осының бәріне пайымды пікір, парасатты ой айтып, тойтарыс беріп отырды.

- Әрине, шалғайда жүрген, Жылыойдан түлеп ұшты дейтін ғалымымыз да, әуесқой сазгеріміз де аз емес. Бірақ бәріне бірдей көше, мектеп атын беру қалай болар екен? Өзіңіз ойлаңызшы, Жәке, ертең сіздің атыңызға да мектеп керек,–деген Мәжитке әлгі ұсыныс берушілер еш уәж айта алмады. Кейде комиссия мәжілісі айтыс-тартысқа ұласып, ұзаққа созылатын-ды. Ондайда кімнің кім екенін, бүйрегі қалай қарай, кімге бұратынын анық байқауға болады-ақ.

Бірде Мәжит екеуміздің әңгімелескеніміз бар-ды. Не жөнінде дейсіз бе? Ономастикалық комиссия жөнінде. Сонда Мәжит:

-Мынау бір жақсы ат бермейтін жұмыс екен, қоям ба деп жүрмін,- дегенді айтып қалды.

- Өзің білесің,- дедім мен. Содан комиссия мәжілісі кідіріп барып, 1992 жылдың қараша айында бір өтті. Жаңа төраға болып аудан әкімінің орынбасары Өтеп Құмарғалиев есімді азамат сайланды. Ол комиссия құрамын жаңартып, толықтырды. Олардың қатарында – Ұлықпан Әбдірахманов сынды Социалистік Еңбек Ері, ардагер-мұнайшы, Меңке Бердіғалиев, Төреш Байжұмиев, Дүйсенбай Хасанов сынды ауданға белгілі басқа да азаматтар болды.

"Мақаланың жалғасын "Кең Жылой" басылымынан оқи аласыз".

Қонаш ҚАЛДЫОРАЗҰЛЫ, журналист-жазушы,

Құлсары қаласы

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521