Қатыгездіктің түп-төркіні неде?

Қатыгездіктің түп-төркіні неде?
Фото: П.Қизатова

Соңғы мезгілде жасөспірімдер арасында топтанып төбелесу көбейіп кетті. Тай-құлындай тебісіп бірге өсетін жас бала ғой дейін десең, арты қантөгіске, өлімге әкеп жатыр. Айдын-күннің аманында орын алып жатқан қайғылы оқиғалар біздің киелі ауданда, Құлсары қаласында болып жатқанына налисың... Жүрегі кірлене қоймаған, көңілі таза өрімдей жастардың мұндай қатыгездікке баруының сыры неде? Оларға «әй» деп ақыл айтатын әке, «қой» деп тоқтататын қожа болмағаны ма? Бұл қасіретке қайткенде тосқауыл қоюға болады? Міне, осы мәселеге бас қатырған жылыойлық белсенді азаматтар өткен аптада аудандық мәдениет үйінде бас қосты.

Топтанып төбелесуді қайтсек тоқтатамыз?

Жалпы жастардың ауыл-ауыл болып төбелесетін қарғыс атқыр «модасы» бүгінгі ұрпақ өмірге келместен бұрын да бой көтеріп тұрғанын газетіміздің алдыңғы сандарында жаздық. Ел ертеңінің осындай "мағынасыз" әрекетке баруының себебін немен түсіндіруге болады? Оны сол бұзақы балалардың өзінен сұраса, ашып түсіндіре алмайды да. Кейбірі тобырдан қалмайын деп еріксіз еріп жүре береді де, қылмыстың қатысушысына айналады. "Елік бөтен мендегі, жерік бөтен, ит құйрығын бұлғаса, еріп кетем" деп Мұқағали айтпақшы, дүрмекке ілесіп жүре беретіндер ақырында қылмыскер болып шыға келеді де, ата-анасының сорына айналып, болашақ өміріне балта шабылады. Ата-анасына, ұстазына хабарласа, жолдастарының алдында "қорқаққа" айналып қалам ба» деп намыстанып, қысымға түсіп қиналған жасөспірімдерді де түсінуге болады. Ондайда араша түсіп, сәтінде тыйым салатын адамның болмай қалуы қынжылтады. Әйтпесе тобырға ілесіп жүрген жуас баласын, оқушысын жақсы білетін, оның психологиясын жетік меңгерген ата-ана мен мұғалім жоқ емес. Тек уақытында бақылау, қадағалау сияқты жауапкершілік жетіспейді бізде. Әрине, төбелесті бастайтын, ұйымдастыратын, қолына қару алып шабатын жастар жазасын алуы керек. Бірақ, онымен бейбіт күнде қыршын кеткен жастың орны толар ма? Ендігі міндетіміз - қоғам болып осындай қасіретті қайталамау, төбелесті тыю.

Маңызды жиынды аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова жүргізіп отырды. Ол жиынға ауданның ақсақалдары, қоғам белсенділері, ата-аналар мен жастардың шақырылғанын айтып, сөз кезегін аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Арман Нәсіпкерейге берді. Ол осы уақытқа дейін қандай қылмыстардың орын алғанын жіктеп, айтып шықты. Бір елде, бір ауданда, тіпті бір ауылда тұрып алып бір-бірімен төбелесетін жастардың ісі әбден шектен шыққанын жасырмады. Айталық, Жаңа Қаратон кентіндегі балалардың өздері «Сарықамыс», «Қаратон» болып екіге бөлініп, бір-бірімен төбелесіп келе жатқанын мысалға келтірді. Ол жалпы ауданның барлық бұзақы жасөспірімдерін үнемі қадағалап отыруға полицейлердің қауқары жетпейтінін ашық айтты.

–Біздің түсінгеніміз, ата-аналар балаларын іздемейді. Әсіресе, түнгі уақытта өздері той-домалақ, қонақ деп кетеді. Ал ұлының қайда жүргінен бейхабар. Түнгі 11-ден кейін біз көше кезіп жүрген кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерді бөлімге алып келеміз. Ата-аналары 3 сағат бойы оларды іздемек түгілі, телефонының тұтқасын да көтермей жатады ғой. Ал бізге «қонаққа кетіп қалып едік, ол кезде үйде болған еді» деп ақталады. Жалпы балаларды күндіз де, түнде де қадағалау, тәртіпке салу – тәртіп сақшысының емес, әр ата-ананың міндеті. Ал біздің міндетіміз – қылмыс жасағанды ұстап, шара қолдану, - деді А.Нәсіпкерей.

Ол былтыр болған төбелестің кесірінен ата-аналардың өзі жапа шегіп отырғанын жасырмады. Сол кезде қылмыс жасап, жазасын өтеу мекемесіне жіберілген жасөспірім ұлдары үшін қыруар қаржыға адвокат жалдап, күні бүгінге дейін түрме мен үйдің ортасында тамақ тасумен жүрген ата-аналардың жағдайын баяндады. Соны біле тұра, әлі де құқық бұзушылыққа бейім жастардың көбейгеніне қынжылды.

Осы жиынды ұйымдастырған Қоғамдық кеңестің төрағасы Ерлан Нұрланов бұл маңызды тақырыпты әлеуметтік желіде көтергенін, сол жерде де біраз тұрғын өз пікірін қалдырғанын, оның барлығы ескерілетінін атап өтті. Қазір төбелесетін кез емес екенін баса айтқан ол бүгінгі заман жастарының бұрынғы жастардан өзгеше болуы керек екенін, өйткені цифрландыру ғарыштық жылдамдықпен қарыштап дамыған дәуірде тек оқумен, білім алумен шұғылдану маңызды екенін еске салды. Сондықтан кеңес төрағасы жиында «Жастар арасындағы құқық бұзушылықты болдырмау үшін не істеу керек?» деген сауалға нақты жауап іздеп, тың ұсыныстар айтыларына сенім артты.

Сенім және жауапкершілік

Халық арасынын суырылып шығып, сөз бастаған ақын Бүркіт Базарбаев осылай деді. Кез келген жасөспірімнің бойында жастық шаққа тән албырттық, тасып бара жатқан қайрат-жігер болатыны табиғи заңдылық екенін айтты ол. Жалпы барлық жасөспірімнің өтпелі шағында өмірдің байыбына бара бермейтін желөкпе кезеңнен өтетінін, сондықтан олардың ісіне «жастық, балалық» деп қарап, барынша түсіністікпен қарауға шақырды.

–Біз оларды басып, жаншығаннан ештеңе ұтпаймыз. Бір мысал бар ғой, біреу ұрының қолына «бір зат әкеліп бер» деп шынайы көңілмен ақша береді. Сонда ол ұры сол затты екі еселеп жеткізеді. Міне, әңгіме қайда жатыр. Ең бастысы, бізге сенім керек. Біз бұзақы, тәртіпке бағынбайтын балаларға, ең алдымен, сеніммен қарауымыз қажет. Олар соны сезінуі керек. Сонда ғана оларда жауапкершілік пайда болады. Өзіңе деген, достарыңа деген, отбасы мен Отанына деген жауапкершілікті сезінген адам жаманшылыққа бармайды,-деді Бүркіт Сембайұлы. Ол жастар арасындағы тәрбиенің осалсуының себебін мұғалімдер арасында ер-азаматтардың жетіспей жатқандығымен түсіндірді.

-Оқушы кезімізде ұстаздардың басым бөлігі ер-азаматтар болатын. Ал біз олардан қалай ығысушы едік?! Сонау алыстан келе жатқанын көрсек бойымызды тіктеп, «тұлға келе жатыр» деп құрметпен қараушы едік қой. Ата-анамызбен сөйлесе алмасақ та, сол ұстазымызбен сырласатынбыз. Ер адамның тәрбиесі қашан да өзгеше, бөлек мектеп,- деді ол. Бұл пікірге қосылғандар көп болды. Қазіргі таңда ата-ананың рөлінде тек шешесі ғана жүретінін, оның жұмсақ алақанына еті үйренген балалар тәртіпке оңайлықпен бағынбайтынын жеткізді. Сондықтан қазір «Әкелер академиясы», «Әкелер мектебі» сияқты ұйымдарды жандандыру маңызды екенін, мектепішілік жиналыстарға, шараларға әкелерді көбірек тарту керек екенін айтып жатты. Ал пікір айтушылардың арасында бұған барлық ер-азаматтардың қолы босамайтынын, қымбатшылық алқымнан алып тұрған заманда ер адам нәпақа табумен ғана күнін өткізетінін жасырмады.

«Ұстаз баланы алаламауы керек»

Бұл пікірді байырғы ұстаз Наурызбай Төлеуов айтты. Ол тәжірибелі педагог ретінде балалардың тәртібіне тек ата-аналар емес, ұстаздардың да тікелей қатысы бар екенін түсіндірді.

-Мектепте оқушыларды бөліп-жармау керек. Мен ондайды да естимін. Әр балаға мейіріммен, сеніммен жақсы көріп қараса ол бала соны сезеді. Ал алалап, тұрмыс жағдайына қарайтын болса, онда ол бөлек әңгіме,-деді ол.

Оның айтуынша, баланың бойындағы кез келген алғашқы сезіммен бірге сүйініш пен күйініш болады. Сағы сынбаған жастықтың беті қайтарылса, оның дәрмені түседі. Ұстазы алалаған баланы сөзсіз қатарластары да кемсітеді. Ал рухы әлсіз балалар агрессияға беріледі, психологиясы бұзылады. Аумалы-төкпелі жастан өтіп жүрген баланың мінезі тез өзгеріп, тұйықталып қалуы әбден мүмкін екенін айтқан ардагер-ұстаз ондай баладан бұзақылық та, тәртіпсіздік те, құқық бұзушылықта шығуы ықтимал екенін жеткізді. Сондықтан балаға ата-анадан кейінгі қамқор жан – ұстаз екенін айта келіп, әр педагог оқушысына анасындай қараса екен деген пікірін білдірді. Дәл осы пікірді бір жалғызбасты ана да қолдап, сөз сөйледі. Ол жолдасы өмірден өткеннен кейін балаларын жалғыз өзі өсіріп отырғанын, мектепте оқитын қыздарын ұстазынан бастап сыныптастары да «әкесі жоқ, жағдайы төмен» деп кемсітетінін жасырмады. Содан келіп әйел мен ұстаздар арасында реніш болатынын ашына жеткізді. «Бүкіл балалық шағы мектеп қабырғасында өтетін балалардың мұғалімдері дұрыс болса, алдағы үлкен өмірі де соған байланысты болмақ», - деді ата-ана.

Ал мектептегі қит еткенді үйіне жеткізіп, апайы сәл дауыс көтерсе үстінен арыз жазатын ата-аналардың да көбейгені көпшіліктің шымбайына бататыны айтылып қалды. Жоғарыда айтылған мұғалім мәртебесіне нұқсан келтіріп, абыройын аяқасты еткеннен кейін оны оқушысының құрметтеуі екі талай болып қалмасына кім кепіл? Сондықтан мұғалімге тұлға деп қарасақ, оны ата-аналар өздерінен бастаса, балалар да тәртіпке бағынар ма еді...

«Бұзақылық бос уақыттың көптігінен болады»

«Аудандағы жастар арасындағы төбелес, құқық бұзушылық, ұрлық, тағы басқалары – балалардың бос уақытының көп болуынан», - деді енді бір пірік айтушы.

-Аудандағы Жастар ресурстық орталығынан бастап мектептегі қосымша үйірмелерді көбейту, еріктілердің санын арттыру, әдеби-рухани кештерді жиі ұйымдастыру, бассейн, мұз айдыны сияқты қоғамға пайдалы орындарды көбірек ашу қылмыстың азаюына үлкен септігін тигізер еді, - деді тұрғындар. Әр мектептегі, әсіресе, бұзақылық жасауға бейім балаларды қайырымдылық жасауға баулу, мысалы жалғызбасты қарттардың шарбағын қардан тазалау, жазда шөптерін жұлып, қолғабыс ету артық болмас еді. Оған аудан әкімінің орынбасары Г.Айшуақова:

–Мұны да біз қолға алдық. Жастар ресурстық орталығымен келісіп, тәртібі нашар балаларды осындай бағыттағы еріктілер сапына тартқымыз келді. Әрине, ата-анасының рұқсатымен. Онымен бірде бір ата-ана келіскен жоқ. Олардың ойынша, біз жасөспірімдерді қара жұмысқа салып жатқандай көріндік. Сондықтан бұл ой жүзеге аспады,-деді нақтылап.

Жалпы, Құлсарыда балаларды апаратын түрлі өнер ошақтары, шет тілін үйрететін үйірмелер, қосымша білім алуға арналған орталықтар жоқ емес, көп. Бірақ, оны барлығының бірдей қалтасы көтермейді. Сондықтан аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Нұрдаулет Ақназаров жастар арасында шараларды көбірек ұйымдастыру керек деген ұсынысын жеткізді. Шараларды, әсіресе, кешкі уақытта өткізуді, өйткені дәл сол кезде жасөспірімдер мен жастардың көше кезіп, ұрынуға сылтау таба алмай жүретінін жасырмады. Ал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Гайдар Арыстанов әр мектептегі, әр колледждегі кездесуді тоқтатпау керек екенін, алдағы өтетін шараларға ардагерлер де атсалысатынын тілге тиек етті.

Сондай-ақ, әр ауылдық округтерден, көпқабатты ықшамауданнан келген ер-азаматтар да сөз алып, жастардың тәрбиесіне қатысты ұсыныстарын білдіріп жатты. Тіпті ауыл-ауыл болып төбелесуге өз жастарын жібермеу үшін белгілі бір тәртіпті енгізіп, оны орындауды күнделікті дәстүрге айналдырған белсенді тұрғындар бар екен. Мысалы, бұрын «Разведка» деп аталған учаскені «тентектер тұратын жер» деп айтатынын еститінбіз. Міне, сол учаскенің қазіргі келбеті мүлдем басқаша. Жастары бос уақытын мән-мағынасыз төбелеске жұмсамай, керісінше, учаске ішіне тал егіп, төсемтас төсеу сияқты пайдалы іске сарп етеді екен. Мұны естіп, көңіліміз жылып қалды.

«Тойдан не көрсе, соны істейді»

Қазір жасөспірімдердің көпшілігі түнгі тойларда даяшы, биші, әнші, басқа да қызмет түрлерін көрсетіп жүр. Бұл мәселені аудандық білім бөлімінің тәрбие әдіскері Інжу Ермекбаева көтерді. Ол мектеп оқушыларының түнгі уақытта жұмыс жасауына тосқауыл қоюға шақырды.

-Өйткені, қазір мейрамханаларда даяшы болып жұмыс жасайтын жастардың басым бөлігі – оқушылар, жас жұбайлардың тойындағы бақытты сәттерін сурет-видеоға түсіріп жүретін мобилографтар да, фаст-фудтарды жеткізуші қызметін атқаратындар да – кәмелеттік жасқа толмаған мектеп оқушылары. Масқара ғой! 18-ге толмаған жасөсіпірімдер не үшін жұмыс жасауы керек? Ал, сол өрімдей жап-жас қыздар, ұлдар тойдағы қызметінен кейін бір нәрсеге ұшырап қалса, оған кім жауап береді? Әрине, мейрамханадан шыққан соң оларға кәсіпкер де жауап бермейді. Баласы өскенше оның тамағын тауып, киімін кигізіп, жағдайын жасау – ата-анасының міндеті. Соны олардың түсінбейтініне таң қаламын. Сондықтан бұған заң жүзінде қарап, шектеу қоюымыз керек. Өйткені, ақыл-ойы толыспаған жасөспірім үйдегі емес, тойдан көргенін істейді, - деді ашынып.

Сондай-ақ, І.Ермекбаева тәртіпті бақылау үшін ұстаздар түнгі рейдке шығатынын жеткізді. Бұл олардың міндетіне жатпаса да, оқушыларына алаңдап түнімен жүруіне тура келеді. Сол себепті учаскелік полицейлерді көбейтуді ұсынды.

Жиында көтерілген мәселенің бірі – ықшамаудандардағы жалдамалы пәтерлердің жайы. Оны сол жерде тұратын тұрғын, сол жердегі мектепте балалары оқитын ата-ана көтерді. Ол мұндай пәтерлерді отбасылы, балалы-шағалы жандар жалдаса ештеңе еместігін, бірақ, өкінішке орай, ондай баспаналар жеңіл жүрісті адамдардың паналайтын орнына айналғанына алаңдаушылық білдірді. «Уақытша» көршілерінің күнде ішіп-жеп, «думандатып» жататыны уайым болғанын, әсіресе балалары үшін қатты алаңдайтынын жеткізді. Бұл мәселе сол көпқабатты ықшамауданда тұратын барлық аналардың жанайқайы болып шықты. Әсіресе, өзге жерден, өзге облыстан вахталық ауысыммен жұмыс жасауға келген адамдардың балалары үйінде қараусыз қалады. Сондықтан олардың бұзақылыққа, құқық бұзушылыққа баруы әбден мүмкін екенін айтқан әйел осы бір өткір мәселеге де тосқауыл қойылса деген ұсынысын айтты.

Гүлнафис Айшуақова қараусыз қалған балалар мен тәртіпке бағынбайтын жасөспірімдер үшін әскери-патриоттық мектеп ашуды ойластырып жатқанын жеткізді. Тек Атырау қаласында бар мұндай мектептің болашақ жастар үшін берер тағылымы мол. Біріншіден, балалар қауіпсіз жерде, мамандардың бақылауында болса, екіншіден, ол мектептен біліммен қатар, әскери тәрбие де алып шығады.

Тәрбие – талбесіктен

Жік-жікке бөлініп төбелесу, біреуге ажал құштырып, қылмысқа бару, түптеп келгенде, адам бойындағы қатыгездікті көрсетеді. Бірақ өрімдей жастардың бойында мұндай жауыздық қайдан жүр? Осы сұраққа жиынға қатысқан әжелер де ұтымды жауап қатты. Жалпы баланың ақылы 70-80% анасына ұқсайды екен. «Жігіттің жақсысы нағашыдан» деп бабаларымыз тектен-тек айтқан жоқ. Ананың ақ сүтімен балаға көп қасиеттер даритынын дамыған елдер де растайды. Оған мысал да көп. Сондықтан бала дұрыс болуы үшін, ең алдымен, анасы жақсы болуы керек деді пікір білдірген аналарымыз.

-Абай атамызды шешесі Ұлжан дәретсіз емізбеген. Өйткені, баланың рухани тазалығы болсын, деді. Тіпті жеті атадан қыз алыспаған халқымыз осының бәрін ұрпағының саулығы үшін, текті болуы үшін, жаудан елін, жерін қорғайтын азамат болуы үшін даналықпен жасады. Кез келген адамның әдептілігі мен жан-дүниесінің сұлулығы балаға, ең әуелі, анадан даритынын ұғынған бабамыз жүкті келінінің жүріс-тұрысын, көңіл-күйі мен тамақтануын және демалысына аса мән берген. Сонымен қатар, ана бойындағы мінез-құлқы мен денсаулығындағы ақаулар құрсақтағы балаға берілмесі үшін жаман әдеттерден арылуға, таза жүруге үндеген. Бұған жүкті әйелдің кештетіп суға бармауын, жануарларға зілденіп аяғын көтермеуін, орамалсыз жүрмеуін ескерткен көптеген тыйым сөздер негіз болды. Ал мұның астарында ұлттың ертеңі, дәстүрлі тәрбие мәйегі жатқанын бүгінде біріміз ескерсек, екіншіміз құлаққа да ілмейміз. Баланың тұлға болып қалыптасуы, жалпы болашақ өмірінің қандай болатындығы, көп жағдайда, тікелей анаға байланысты. Тарихқа көз жүгіртсек, әлемге аты шыққан танымал тұлғалардың қалыптасуына зор еңбек сіңірген ол – аналары. Сондықтан, мен көбіне ер балаларға айтатын едім, өмірлік жарыңды дұрыстап таңдаңдар. Өйткені, бәрі әйел адамға, оның ақылына, тектілігіне байланысты деп. Балалардың бойындағы мейірімділік те, жақсылық та анасынан даритыны сөзсіз. Құқық бұзушылыққа барып жатқан ер балаларды ғана тәрбиелеумен айналыса бермей, қыз балалардың да болашағына аса мән беруіміз керек. Мұнда үлкен мән жатыр,-деді толқыныспен.

Бұл пікірге «Аманат» партиясының төрағасы Сайлаубай Таласов та қосылды. Ол «Тәрбие – талбесіктен» деген халық даналығын тарқатып, тәрбиелік мәні зор мысалдарды айтып өтті. Құлсарының көшесіне тұрғындар үшін қойылған отырғыштар, қоқыс салуға арналған жәшіктерді үйіне тасуды жақсы көретін жастар да бар.

–Мына «ПНГС ықшамауданының қасына бір мезгілдері түрлі мүсіндер қойылды. Соны да сындырып, қалғанын алып кетті ғой тұрғындар. Оның бәрін жасайтын жап-жас балалар. Орталықта тұрған орындықтар мен урналарды Құлсарыдағы кейбір үйлерден көріп қалдық. Не айтарыңды білмейсің осындайда. Сонда үйіндегі әке-шешесі «Әй, балам, мынаны қайдан алдың?» деп сұрамайтын болып тұр ғой. Жалпы бір-бірімен сөйлеспейтін, бір-бірінің не істеп, не қойып жүргенінен бейхабар отбасылар болады. Ұл-қызын іздемейтін де, олардың қандай бұзақылыққа барып жатқанын білмейтін ата-аналар да сондай отбасылардан шығады,-деді.

Балаларының жан дүниесіне сәуле шаша білмеген бүгінгінің ата-әжелері, әке-шешелері, ертелі-кеш зорлық-зомбылық, кесапат дүниелер көрсетумен әлек ғаламтор желісі, жалпы қоғамды меңдеген немқұрайлылық - бәрі-бәрі балалар мен жасөспірімдер тәрбиесіне кері әсер етіп отыр. Расында да, рухани құндылығы жоғалған ұрпақ көбеймесе екен деп алаңдайсың. Сондықтан, сіз бен біз болып аудандағы қылмыстың азаюына, жастар арасындағы төбелесті болдырмауға, саналы ұл-қыз тәрбиелеуге атсалысуымыз керек. Мәдениет үйінде аудан жұртшылығының басын қосқан алқалы жиынның мақсаты да - осы. Сол мүдде үдесінен шыға алдық па, оны уақыт көрсетері сөзсіз.

Перизат ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521