Сапасыз сақалды құрылыс, күрмеуі қиын күрделі жөндеу...

Құлсары қаласында жүріп жатқан сақалды құрылыстың бірі – «Атырау» ықшамауданындағы бес қабатты үш үй. Құрылыс жұмыстары жылдар бойына жүргізілсе де «жыры» бітпей келе жатқан бұл көппәтерлік тұрғын үйлердің өзекті өртер өткір мәселесі облыс әкімінің ауданға іс сапары барысында да көтерілді. Бірақ әлі күнге пайдалануға берілген жоқ. Өйткені кеткен кемшіліктер түзетілмей, қабылданбайтынын Серік Жамбылұлы қадап тұрып айтты.

Міне, содан бері нендей өзгерістер орын алды, кемшіліктер қалпына келтірілді ме? Көкейді осы тектес көп сауалдар мазалаған "AMANAT" партиясы аудандық филиалының төрағасы Сайлаубай Таласов пен аудандық мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаевтар А.Есенияз, Сымбат Қабдырахманова секілді партия фракциясының белсенді депутаттарын ертіп, сақалды құрылыстың сапасын зерделеп көрді. Онда мердігер мекеме кездесіп, тапсырыс беруші тарапынан міндеттелген олқылықтың орнын толтыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Кемшілікті барынша тез арада түзетіп, сапалы әрі межелі мерзімде аяқтау тапсырылды. Және де бұл жұмыстардың орындалуы "AMANAT" партиясы аудандық филиалының арнайы бақылауында болатыны ескертілді. Партия төрағасы мен мәслихат төрағасы бастаған топ аудан аумағындағы күрделі жөндеу жұмыстары әлі аяқталмай жатқан орта мектептердің оқу ғимаратында да болып қайтты. Сол күні Құлсары қаласындағы №18 мектепті жөндеп жатқан мекеме жұмысшыларының оқу орнының ішін бітіріп, сыртқы жұмыстарға көшкені белгілі болды. Ал Қосшағылдағы №2 мектепте жасалатын шаруа әлі де бастан асады. Оқу ордасының спорт залы мен асханасының ішіндегі, сондай-ақ 2-қабатындағы тоқ желілерін монтаждау жұмыстары аяқталмаған. Оны аяқтағаннан кейін барып, мердігердің мойнында әлі оқу кабинеттерінің есік-терезелерін ауыстырып, жылу жүйелерін жаңарту міндеті тұр. Осы жұмыстар толыққанды атқарылмай қосшағылдық оқушылар «жайлы мектепте» жайғасып отырып, алаңсыз білім ала алмайтыны анық. Сондықтан "AMANAT" партиясы аудандық филиалының төрағасы Сайлаубай Таласов пен аудандық мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев, депутаттар А.Есенияз, Сымбат Қабдырахмановалар күрделі жөндеу жұмыстарының халық қалаулыларының қатаң бақылауында болатынын тағы бір мәрте ескертті.

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521