Тарифті көтеру тығырықтан шығара ма?

Ауданда қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифі өседі. Бұл мәселе аудандық Қоғамдық кеңестің  ұйымдастырған кезекті отырысында талқыланды. Жиналысты кеңес төрағасы Ерлан Нұрланов жүргізіп отырды.

Оған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Ғалымжан Жолдыбаев, ауданның тазалығымен айналысып отырған «Эко қала ХХІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Абыл Сақаба мен кеңес мүшелері қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Алдымен, Ғ.Жолдыбаев алдын ала есептеулер бойынша алдағы жылға ұсынылып отырған тариф бағасымен таныстырып өтті. Яғни енді аудандағы көпқабатты үйлердің тұрғындары адам басына – 346 теңге, жер үйдегілер 536 теңгеден төлейтін болады. Демек, тариф көтеріледі. Оның өсуін «Эко қала ХХІ» мекемесі де қолдап отыр. Өйткені, қала тұрғындарының тек 50-60 пайызға ғана жуығы қоқыс жинайтын компанияға ақы төлейді. Бұл сәйкесінше қызмет көрсетуші ұйымға тек шығын келтіріп отырғанын мәлімдеді.

Сөзінше, қаладағы әрбір үй иелері отбасы мүшелерін барынша жасыруға әуес. Тіпті келісім-шартқа отыру кезінде де жанұясындағы адамдарды түгел қамтудан қашады. Ал шарт жасаған мекеменің оны тексеріп-тергеуге құқы жоқ. Сондықтан халық ақыны қалай төлейді, соны ғана алып отырады. Әрине, күн санап тамақ пен өзге де коммуналдық төлемдердің бағасы шарықтағанда, бұл мекеменің де өз тарифін көтеруі заңдылық сияқты көрінеді. Оған жанар жағармай мен техника бағаларын қосыңыз.

-Тіпті қоқыс жинайтын қызметкерлердің өзін жұмыста әупіремдеп ұстап келеміз. Аз ғана жалақыға кім келеді? Қарызымыз да көбейді. Қоқыс төгетін полигонды да қыруар қаржыға жалдап отырмыз. Мекемеге пайдасынан гөрі шығынын көп әкеле ме деп қорқамыз,-дейді Абыл Сақаба.

Ерлан Нұрланов бұл да қоқыстың уақытылы шығарылуына тікелей байланысты екенін айтып, тарифтің аз да болса өсуін қолдады:

-Егер халық бұған келіспесе, мекеме жабылады да, қала уақытылы тазаланбай, шіріп кетуі ықтимал. Жалпы тарифтер бойынша бұл мәселелердің барлығы қарастырылған. Бұл жан-жақты зерделенген мәселе ғой. Енді осылардың барлығын қорыта келе, тарифтің көтерілуі немесе көтерілмеуі мәслихатта белгілі болады,-деді.

Қоғамдық кеңес мүшелері Үкіметтен субсидия бөлгізу жайын да сөз етті. Халықты қанай бермей, коммуналдық қызметтердің шығындарын жабудың басқа жолдарын іздеу жөн болатынын айтады. Мәселен, техника сатып алуға грант бөлу, субсидия беру сияқты амалдарды қарастыру артық етпес еді. Өйткені мұндай мекемелерге қаржылай қолдау болмаса, халықтан түсетін азғантай ақша мекеменің банкрот болуына әкеп соқтыруы мүмкін дейді. Сондай-ақ, қоқысқа ақша төлейтін халық көрсеткішін жақын арада 100 пайызға жеткізуді және бұл жұмысты мұқият қадағалау керектігін алға тартты.

Иә, қазіргі кезде тұрмыстық қалдықтарды жинау, сақтау, сұрыптау өзекті мәселелер қатарында тұр. Біз кез келген қалдық заттарды лақтырмастан бұрын оны кәдеге жарату жағын да жақсылап ойластыруымыз керек. Қалдықтарды орнымен тастап, тазалықты сақтасақ, денсаулыққа да, қала көркіне де жақсы әсер ететіні белгілі.

Осыны қоқысқа ақша төлер кезде сараңдық танытып, түрлі қитұрқы әдіске баратын тұрғындар жақсы түсінсе екен дейсің.

Перизат ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521