Жем суына талас

Жақында Шоқпартоғай мен Тұрғызба ауылы тұрғындарының басын қосып, аудандық «Кең Жылыой» мәдениет үйінде жиналыс өткізілді. Ондағы қаралған негізгі мәселе - екі ауылдың ортасынан ағып жатқан Жем өзенінің суын тиімді пайдалану, төрт түлік бағып отырған ауыл тұрғындары мен қожалықтардың мал азығын дайындауына, жайылымның шұрайлы болуына, мал су ішетін көлдердің, тоғандардың суға толуына жағдай жасаудың қамы болатын.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Әнуар Шакиров, «Аманат» партиясының төрағасы Сайлаубай Таласов, облыстық мәслихат депутаттары Сырымбек Сәрсембаев, Сейітжан Балжігітов, Бағыт Кәметов, Айбар Ерекешов, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, белсенділер, басқа да азаматтар қатысты. Мұндай басқосу бұдан бұрын да бірнеше рет өткізіліп, нәтижесіз аяқталып келген-ді. Ол қатар отырған қос ауылдың белсенді азаматтарының облыстық, республикалық жоғарғы органдарға жазған арыз-хаттарын қарауды мақсат тұтты.

Алдымен айта кету керек, кеңестік кезеңде осы ауылдарда құрылған бұрынғы «Қазақстан», «Ембі» совхоздары бар уақыттан белгілі болған жайдың бірі де бірегейі - әр жерден бөгеттер салып, жайылым мен шабындықтарды суландыру еді. Совхоз директорларының жоғары жақтағы құзырлы органдарға өтініш жасап, тынымсыз жүрісінің, жанкештілігінің арқасында осы әдіспен мал шаруашылығы өркендеп, кең қанат жайып, мал басы өсіп, одан өнетін өнімдер көбейгені белгілі. Совхоз малына арналған шөпті аудан тұрғындарына, ауысқанын басқа да облыс, аудан шаруашылықтарына сатып, көмек жасағанын көзіміз көрген жанның бірімін. Әрине, бұл жерде Жем өзенінің арнасына бөгет салудың заңсыз екендігі белгілі. Оны директорлар білмей өткен жоқ.

Совхоздар тарап, жеке қожалықтарға бөлінген 1996 жылдан бері әркім өзінің күнкөріс қамын күйттеп кетті де, «балапан басына, тұрымтай тұсына дегеннің кебін киіп жүрміз.

Бұл мәселеге байланысты талай-талай тартыстар болғаны бізге белгілі. Соңғы жылдары Жем өзені тұрақты тасымай, су аз келіп, қуаңшылық болып, малдың да, жанның да жайы кетіңкіреп қалған кездер кездесті. Шлюздің тұрбадан салынып отырғандығы, жыл сайын топырақпен үйіліп жасалған бөгеттердің өзен арнасын таяздатып бара жатқандығын ойлаған соң, уақытша салынып отырғандығын айта кеткен жөн. Келешекте заңды түрде нақтыланып, зерттеліп, арнайы мекемелер арқылы тұрақты шлюз салынатындығы айтылып жүр. Әкімшіліктің араласуымен мекемелерден техникалар сұратылып, Жем өзенінің арнасы қазылып, кеңейтіліп, көптеген жұмыстар жасалды.

Биылғы жылдың көктемінде су таситын кездің алдында да екі ауыл азаматтары кездесіп, бөгет немесе шлюз салу мәселесін қозғаған болатын. Осы кезде Тұрғызба ауылының кейбір жастары түбегейлі қарсылық көрсетіп, екіжақты келісімге келе алмай тарқасқан еді.

Бірақ, Алла-тағала қолдап, тілеген дұғалар қабыл болып, биылғы су тасқыны жылдағыдан мол келіп, бөгетсіз-ақ Жем жарықтық төрт түлік су ішетін көлдер мен тоғандарды толтырды. Малдың ырысы мен халықтың қуанышында шек болмады. Бірнеше жылдан бері шабындықтарға су шықпай келген-ді. Оны ұмытып, көңіліміз тоғайып қалды. Бұрын өз жерімізден шөп шаба алмай, өзге өңірлерден (Қызылқоға, Ойыл, Сағыз, т.б.) әкелінген мал азығының бір рулонын 10-16 мың теңге шамасында сатып алып жүргеніміз жасырын емес.

Келешегін ойлайтын, мал бағудың жайын басты назарда ұстайтын ауыл халқы күн тәртібінен түспейтін осы мәселені жиналыстарда жиі-жиі қозғап, әкімдердің мазасын алып жүргендері бесенеден белгілі жайт. Осы орайда ойыма өткен жылдардағы тату-тәтті, «малы аралас, қойы қоралас» отырып, бірге жайылатын, «сенікі-менікі» демейтін іргелес жатқан қос ауылдың тыныс-тіршілігі көз алдыма оралады. «Қыз алып, келін түсіріп, құдандалы болған», туыстық қарым-қатынасына сызат түспеген ауылдағы ағайынның халыққа ортақ Жем өзенінің суына таласуы өкінішті жағдай болып тұр. Бірде тасып, бірде тасымай қалатын Жем өзенінің суына талас-тартысының ушығып кетуі көңілге қаяу түсірді. Бұл жағдай, әсіресе, қай тараптан қозғалып отырғаны айтпаса да түсінікті. Жоғарыда атап өткенімдей, баяғыдан бері бөгеттер арқылы суландыруды қолға алып, қоғамның, мемлекеттің, халықтың малын жем-шөппен қамтып, шашау шығармай сақтап өткен совхоз директорлары ақымақ емес болар. Олар да бөгет салудың заңға қайшы екендігін жақсы біледі ғой.

"Мақаланың жалғасын "Кең Жылой" басылымынан оқи аласыз"

Дүйсенбек БӨКЕНОВ,

Халықаралық Жазушылар және Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,

Шоқпартоғай ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521