ads_banner

Суицид және қоршаған орта

Онда, негізінен, мектеп оқушылары, жалпы жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі қаралды. Облыстық психикалық денсаулық орталығының суицидологиялық бөлімшесінің мәліметінше, суицид дерегі бойынша біздің аудан Атырау қаласынан кейінгі екінші орында тұр екен. Биылғы жылдың 10 айы ішінде өндірісті өлкеде өз-өзіне қол жұмсаған 15 адамның 5-еуі жасөспірім балалар болып шықты. Тіпті, бір мектепте араға екі ай салып екі оқушының осы кеселдің кесірінен көз жұмуы бұл мәселенің ушығып бара жатқанын көрсетсе керек. Ол аз десеңіз, комиссия отырысы өткеннен кейін де қаладағы тағы бір білім ордасында бір оқушы дәл осы себеппен жарық дүниемен қош айтысты.

Отырысты өткізген облыс әкімінің орынбасары, облыстық комиссияның төрайымы Нұрсәуле Сайлауова аудан мектептеріндегі психологтарға сын айтты. Оларды арнайы курстан өткізген «Білім» қоғамдық қорының өкілдерін де сұрақтың астына алды. Мәселенің ушығуына оқушылармен жеке-жеке жұмыс жасай білмеген, арнайы бағдарлама бойынша сауалнама жүргізіп, қауіпті топқа жататын жасөспірімдерді өз дәрежесінде анықтай алмаған мектеп психологтары мен олардың білімін жетілдірумен айналысқан «Білімнің» мамандарына сын артты. Отырыс соңында комиссия төрайымы оқушылар арасындағы суицидтің алдын алу үшін кез келген шараны қолға алуға дайын екенін мәлім етті. Мәселен, бұл кеселдің бой көтеруіне тылсым дүниедегі бізге беймәлім күштердің әсері де болуы мүмкін деген жорамал жасалды. Керек болса, қазақшылық жөн-жоралғымен мал сойып,қан шығаруға да қарсы еместігін мәлім етті. Бұл ретте ел ақсақалдарымен ақылдасуға шақырды.

Расында да, мәселеге біржақты қарау бұл дерттің дауасын табуға жол ашпасы анық. Қоғамды алаңдатып отырған кесел көп болып күресуді талап етеді. Егер, шынымен де, тылсым күштің әсері болса, онда, сөз жоқ, теологтарды да тарту қажет. Сондай-ақ оның астарын өңірдің экологиялық проблемасынан іздеу де керек секілді.

Суицидологиялық бөлімшенің дерегіне көз салсақ, онда 10 айдың ішінде Атырау қаласында 25, Жылыой ауданында 15 адам өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмған екен. Оған мән беріп қарасақ, онда екі өңір де экологиялық мәселемен бетпе-бет келіп отырған аймақ екенін аңғарамыз. Айталық, облыс орталығында мұнай өңдейтін екі зауыт бар. Бұқаралық ақпарат құралдары қала атмосферасының ластанып бара жатқанын апта сайын дерлік дабыл қағып жазып келеді. Ал бізде, яғни Теңіз кенішінде үшінші зауыт салынып жатыр. Ол аздай, екі өндірісі өркендеген өңірде де құмырсқадай құжынаған транспорт құралдарының қозғалысынан көз тұнады. Зауыттардың алауларынан атқылаған улы газдар, ара-тұра болып тұратын «выбростар», ауыр салмақты жүк таситын транспорт құралдары мен қалаішінің тынысын тарылтқан көліктерден будақ-будақ ауаға тарап жатқан түтіндердің химиялық құрамы адамның психикасына өз әсерін тигізбей қоймасы анық. Бұл сана-сезімі жаңа жетіліп келе жатқан жасөспірімнің денсаулығына қаншалықты зиян? Қоршаған ортаның тазалығын бұзған химиялық элементтер адам ағзасының дамуына кері әсер етері белгілі. Ол түрлі аурулардың туындауына себепші болатынын медицина да жоққа шығармайды. Ағзаның қызметін өзгеріске ұшыратқан улы заттар адам психикасына да аз салмақ салмайды. Өйткені, психика да денсаулықтың ажырамас бір бөлігі емес пе?!

Көп алысқа бармай-ақ, бір ғана автокөліктен бөлінетін зиянды заттарды алайық. Мамандардың дерегінше, темір тұлпардан углеродтың оксиді (СО), күкірттің диоксиді (SO2), азоттың оксиді (МОх), көмірсутегі (Cn Hm) және басқа да химиялық қалдықтар бөлінеді. Бұл улы заттар адамды бас ауруына шалдықтырып, шаршау, тітіркену, еңбек қабілетінің төмендеуі секілді жағымсыз факторлардың туындауына себепші болады екен. Бұған туа бітті мүгедектік, стресс, жүйке жүйесінің зақымдануы, жақындарына немқұрайлы қарау, жеке қалуға тырысу тәрізді ауытқуларды қосыңыз. Көліктің көптігінен ересек адамның бойында бой көтеретін бұл керітартпа кеселдерді жасөспірімнің ағзасы тез қабылдайтыны сөзсіз. Жай нәрсені жанына жақын қабылдап, түймедейді түйедей қылатын жасөспірімнің санасына мұның барлығы «жығылған үстіне жұдырық» емес пе?! Біз бұл жерде қын қысымының бұзылуы, тыныс жолдары ауруы, инфаркт, инсульт секілді қазір ауданда көптеп кездесетін ауруларды айтып тұрғанымыз жоқ. Бір ғана автокөліктің өзі адам ағзасына осыншама көлемде кесірін тигізіп жатқанда зауыттардың тонна-тонналап ауаға тастап жатқан улы қалдықтарының зардабын айтудың өзі артық болар. Міне, осындай экологиялық факторлар кәмелетке толмаған оқушының денсаулығына, соның ішінде психикасына қалай әсер етіп жатыр? Бұл да өз кезегінде суицидтің себеп-салдары болуы ғажап емес. Оны ешкім жоққа шығара алмаса керек. Сондықтан облыстық комиссия бұл өзекті өртер мәселенің шешімін өңірдің экологиялық проблемасынан іздеуі керек деп есептеймін. Ол үшін комиссия құрамына эколог-мамандар мен дәрігерлерді тартса, нұр үстіне нұр болар еді.

Әңгіме барысында, суицидтің алдын алу үшін теологтарды да тартсақ, артықтық етпейді дедік. Бұл ретте мектеп психологтары Ақпараттық талдау орталығының мамандарымен тығыз қарым-қатынас орнатса, құба-құп. Әдетте дін өкілдері өздерінің жұмыс жоспарына сәйкес Құлсары қаласы мен ауылдық округтердегі орта білім беру орындарының оқушыларымен, колледждер студенттерімен діни экстремизмның алдын алу бағытында түсінік жұмыстарын жүргізеді. Міне, сондай жиындардың күн тәртібіне міндетті түрде суицид мәселесін енгізсе дейміз. Теологтар өз-өзіне қол жұмсаудың екі дүниеде де тигізетін зардабы туралы жасөспірімдерге көбірек түсінік берсе, мүмкін, суицидке бейім жас райынан қайтар. Олай болса, орталық теологтары мен мектеп психологтары осы бір дерттің тамырына балта шабу үшін бірлескен жұмыс жоспарын жасақтаса, уақыт өте келе ол өз нәтижесін берер деген үміттеміз. Өйткені, жүрегіне иман ұялаған жасөспірімнің мұсылманға жат әрекетке бармасы анық.

Әрине, бұл жерде, ең алдымен, баланың жанашыры ата-анасы болуы тиіс. Сондықтан ересектер баламен жылы қарым-қатынас орнатып, сенімді сырласы болуға бар ниетін салуы керек. Ойланыңыз: күйбең тірліктің соңында жүргенде ұрпақ тәрбиесін осалсытып алмадыңыз ба?! Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, суицид сыры тереңде жатыр. Оның себеп-салдарына үңілу үшін мәселенің мәнісін жан-жақты зерттей білуіміз қажет. Онсыз қоғамдық кеселге айналған өз-өзіне қол жұмсаудың кесірінен көбейетін өлім өзекті өртер өткір проблема күйінде қала бермек.

Ербол Қошақанов,

арнаулы тілшіміз.

Жарнама

ads_banner2

Күнтізбе

қараша 2019
ПВСЧПСВ
123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930

Жарнама

ads_banner2

ads_banner