Атбегі

«Ат - ер қанаты», қазақ ықылым заманнан жылқыны жанына серік етіп, жалында ойнаған. Тұлпары барда қалың жаудан да тайсалмаған қазақ, бүгінгі күні де атбегілікті ұмыт қалдырмаған. Бұрынғыдай бас салып аттандамаса да, бәйге алар мыңнан озар тұлпарды баптау қазіргі кезде үлкен абырой. Салған жерден жүлде алатын арғымақ баптап жүргеннің бірі - жерлесіміз Алдоңғар Мырзағалиұлы.

Иә, атбегілік — қазақтың ең көне ұлттық өнері. Көшпенділердің жылқымен бірге өсіп, біте қайнасқаны соншалық, олардың тұрмыс-салтына, мәдениеті мен өнеріне қатысты айтылатын афоризмдері жетіп артылады. «Бабы келмеген жүйріктің бағы байланады», «Ер қанаты-ат» дейтін қазақ әсіресе бәйгеге қосар жылқыны жаратуға ерекше мән берген. Нағыз атбегі «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығатын жануарды алыстан таниды.

Алдоңғар ағамыз да сондай қасиетке ие. 1947 жылы дүниеге келіп, Қарағай елді мекенінде ержеткен. 8 кластық мектепті бітірген соң, училищені тракторист мамандығымен 1965 жылы аяқтаған. Жасынан жылқыға жақын болып, төрт түлік малдың қыр-сырын ерте жастан білген. 1967 жылы савхозға түйеші болып жұмысқа тұрып, сол кезден бастап өзінің өмірін ауыл шаруашылығымен байланыстырған. Тәуелсіздік алған кезеңде 1995 жылы «Қарағай» шаруа қожалығын құрып, өзінің жеке кәсібін өрге домалатты.

Алдоңғар Мырзағалиұлы ең алғаш жүйрігін бәйгеге 1973 жылы қосқан.Содан бері көптеген аламанда қанжығасын майлады. Қазіргі кездегі жетістіктерін жіпке тізетін болсақ, жіптің өзі кемдік етуі мүмкін. Дәстүрлі өтетін «Жайық жүйрігінде» жүлдені бермей, Қазақстан қолтума чемпионатында алғашқы бестікке кірген. Одан бөлек тай құнан бәйгесінен де бас жүлдені иеленді. Ағамыз сөз арасында:

- Атбегілік – менің өмірім іспеттес. Ал, тұлпарлар менің өмірлік серіктерім. Бала кезімнен жалында ойнап өскен жылқыларға деген қызығушылығым әлі күнге дейін басылған емес. Қазір нағыз тұлпарды шығарып, байрақты бәсекеде топ жаруға бар күшті салып жатырмыз. Қазақ жігіттері бұрыннан жылқыны жанына серік еткен. Сондықтан, жастарды ат мініп тұруға, ұлттық өнерімізді дәріптеуге шақырамын. Атқа шабудың пайдасы орасан зор дегім келеді,- деді.

Бүгінде Алдоңғар ағамыздың бәйгеге деп баптап отырған 10 шақты тұлпары бар. Мұнымен тоқтап қалмай, бұл істі одан әрі дамытып, атбегілікті кеңінен насихаттауды мақсат тұтқан. Біз де өз кезегімізде жерлесіміздің ұлттық ат спортын дамытуға қосып жүрген кәнігі кәсібіне сәттілік тіледік.

Е.АХМЕТКӘРІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521