САДАҚШЫ

Ұлттық өнерді ұлықтағандар Жылыойда да жетерлік. Алаш жұрты бұрыннан алты жасар баласын ашамайға мінгізіп, сегізінде садақ атқызып үйреткен. Бес қаруы сай болған батырлардың бүгінгі ұрпағы да мергендікті мақсат тұтып, жебесін жанына серік еткен. Солардың бірі, бүгінгінің мергені - Бағдат Ертүгел. Садақ ату орталығын ашқан сардарымыз осы күндері жас жеткіншектерге садағын ұстатып, жебесін жонып үйретуде.

Бағдат Жалғасұлы бала кезінен қазақтың ұлттық өнеріне қызығушылық танытып, шыбықтан садақ жасап, балалығын батырларға тамсанып өткізген. Садақ атуды қалаған сәби-арман жігіттік шақта желік алып, 2021 жылдан бастап Бағдат садақ атумен кәсіби тұрғыда айналыса бастады. Кәсіптен нәсіп табу мақсатында өткен жылдың тамылжыған тамызында «Жылыой садақ ату» орталығын ашып, аудан тұрғындарына өз қызметін ұсына бастады. Бір жағынан бизнес қылса, бір жағынан шәкірттер дайындап жүр.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, шәкірттері де талай жарыстарда қанжығасын майлап, дүлдүл атанып жүр. Миялыда өткен сайыста Серікболсын Шабаев 2-орынды жеңіп алса, Аңсар Құлметенов 3-орын иеленді. «Жайық мергені» облыстық ашық турнирде Жамбы нысанасы бойынша біздің жылыойлықтар алғашқы үштікті өздері түгендеп, Аңсар Құлметенов 1-орын, Манасбек Жалғасов 2-орын, Саламат Ертүгел 3-орынды қанжығаға байлап қайтты. «Сұлтан Бейбарыс Жамақұлының» 850 жылдығына арналған Атырауда өткен ашық турнирде ересектер арасында Эдгар Жамеков 2-орын, Серікболсын Шабаев 3-орынды иеленсе, жасөспірімдер арасында Саламат Ертүгел 2-орын алып, жылыойлықтардың намысын қолдан бермеді.

Бағдат Жалғасұлы алдағы арман-мақсаттарымен бөлісті:

-Ұлттық өнерді дәріптеу - басты парызымыз. Мақсатым - аудан тұрғындары арасында садақ атуға деген қызығушылықты оятып, құралайды көзге атқан жас мергендерді дайындап шығу. Мәдениет бөлімімен бірлесіп аудандық, облыстық деңгейде жарыстар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Өткен жылдың өзінде турнир өткізіп үлгердік. Дегенмен, мемлекет тарапынан тағы да қолдаулар болса екен деген ізгі тілегіміз бар. Себебі, көптеген турнирлерге қаражаттың аздығынан бара алмай қалып жатамыз. Шәкірттеріміз де топқа шығып, сынға түскен сайын шыңдала бермек. Алдағы уақытта дамыта берсек, Жылыойдан да садақ атудан Олимпиада шыңын бағындырар мергендер шығатыны сөзсіз»,- деді.

Ұлттық өнерді ұлықтаған ұландар садақ ату өнерін дамытудан алдағы уақытта да аянып қалмақ емес. Қазақылықтың иісін аңқытып, мергендердің мұрагерлерін баптап жүрген Бағдаттай жігіттердің ісіне береке тілеп, еңбегі бағалана берсін демекпіз.

Ерназ Алтайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521