Ақпараттандыру – уақыт талабы

Әрбір азаматтың ақпаратқа қол жеткізу құқығы бар. Ол Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабында анық көрсетілген. Соған сәйкес әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алу және тарату құқығына кепілдік беріледі.

Әлемдік тәжірибеге сүйенген Ұлт жоспарының аясында құрылған «Ашық Үкімет» порталы арқылы Үкіметтің, министрліктердің, орталық және жергілікті органдардың нормативтік-құқықтық актілерінің жобаларымен, сондай-ақ бюджет жобаларымен танысуға интернет желісін пайдаланушы кез-келген азаматтың мүмкіндігі бар.

2016 жылғы 6 сәуірде  «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Онда қабылданатын актілердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында актілердің жобаларын алдын ала ашық порталда жариялау, жергілікті жерде қабылданатын шешімдерді қоғамдық кеңестердің талқысына салу, сараптамадан өткізу нормалары енгізілген.

Елімізде нормашығармашылық қызметінің ашықтығы мен тиімділігін жетілдіру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. «Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2023 жылғы 5 шiлдедегi № 464 және «Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, келісу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 3 шiлдедегi № 448 бұйрықтары қабылданып нормашығармашылық қызметінің тиімділігін бұдан әрі жетілдіру тетіктері қарастырылған. Атап айтқанда, жергілікті органдар мемлекеттік тіркеуге ұсынылатын актілері қағаз түрінде емес мемлекеттік органның интернет порталы арқылы жолданады. Сондай-ақ актілерді әділет органдарына ұсыну, кері жолдау, пысықтау, бас тарту және тағы да басқа рәсімдерінің мерзімі өзгертіліп, қазіргі уақыттың талабы ескерілді.

Бүгінгі таңда саяси-әлеуметтік және азаматтардың өзара қарым-қатынастарын реттейтін заңнама мен құқықтық актілердің статистикалық өсуі артып келе жатқаны мәлім. Сондықтан заңның 37-бабын басшылыққа алатын болсақ, мәслихаттардың нормативтік-құқықтық шешімдерін, әкімдіктердің нормативтік-құқықтық қаулыларын, тексеру комиссияларының нормативтік-құқықтық қаулыларын және әкімдердің нормативтік-құқықтық шешімдерін ресми жариялау Қазақстан Республикасы нормативтік-құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электрондық түрде жүзеге асырылады деп ресімделген. Яғни, заңнама жаңалықтарымен, сондай-ақ барлық әділет органдарымен тіркелген құқықтық актілермен әрбір азамат НҚА эталондық бақылау банкінде Әділет министрлігінің интернет-ресурсы арқылы таныса алады.

Нормашығармашылығындағы ашықтық дегеніміз шешім қабылдау процесінің ашықтығы, жұртшылықты дайындалып жатқан және қабылданған шешімдер жайлы және олардың іске асырылуы туралы кеңінен ақпараттандыру екені белгілі. Сондықтан да қабылданатын заңдар мен шешімдердің ашық әрі тиімді болғанына қоғам мүдделі екені анық.

С. Ермышева,

нормативтік-құқықтық актілерді

тіркеу бөлімінің басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521