Атқарушылық жазба: қарсылық білдіру жолдары

Елімізде нотариустың атқарушылық жазба жасау тәжірибесі кеңінен қолданысқа енгізілді. Дегенмен, көптеген азаматтар мен заңды тұлғалар бұл туралы, жазбаға білдіретін қарсылық турасында көп біле бермейді. Сондықтан халық арасында түсініспеушілік туындап жатады.

Жалпы, нотариустар ҚР «Нотариат туралы» заңына 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген өзгерістерге сәйкес, атқару жазбасын жасау құқығына ие. Атқарушылық жазба дегеніміз - ол борышкерге тиесілі белгілі бір ақшаның сомасын одан өндіріп алу немесе жылжымалы мүлікті талап ету туралы нотариустың өкімін білдіреді.

Атқарушылық жазбаны жасағаннан кейін нотариус келесі жұмыс күнінен кешіктірмей борышкерге табыс ету туралы хабарлама жазып, көшірмесін жібереді. Жеткізуге байланысты шығыстарды өндіріп алушы өз бетінше төлейді. Егер борышкер тарапынан қойылған талаптарға қарсылық туралы жазбаша өтініш болмаса, оған хабарламада көрсетілген хатты табыс еткен күннен бастап он жұмыс күні өткеннен кейін нотариус атқарушылық жазбаны борышкердің тұрғылықты немесе орналасқан жері бойынша сот орындаушысына орындау үшін береді.

ҚР «Нотариат туралы» заңының 92-1 бабының 2-тармақшасына сәйкес, борышкер атқарушылық жазбаның немесе тиісті қаулының көшірмесін алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде атқарушылық жазбаны жасаған немесе тиісті қаулыны шығарған нотариусқа талапқа қарсылығын жазбаша түрде жіберуге құқылы. Онда мәлім етілген талаппен келіспеу себептері қамтылуға тиіс.

Егер қарсылық келіп түссе, нотариус ҚР «Нотариат туралы» заңының 92-8 бабының 1-тармақшасына сәйкес, үш жұмыс күнінен кешіктірмей атқарушылық жазбаның күшін жою туралы қаулы шығарады. Бұл ретте, өндіріп алушы да, борышкер де Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 45-тарауының тәртібінде атқарушылық жазбаға дау айту үшін сотқа жүгіну құқығынан айырылмайды.

Азаматтарға ыңғайлы болуы үшін және атқарушылық жазбаларға қарсылық білдірудің жедел тәсілдерімен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылдың сәуірінде Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 31.01.2012 жылғы №31 бұйрығымен бекітілген «Нотариустардың нотариаттық іс-әрекеттер жасау ережесіне» түзетулер енгізілді. Соның негізінде қолдың түпнұсқалығын нотариалды куәландыру қажеттілігі алып тасталды. Сонымен қатар, нотариустың электрондық поштасына жіберіп қарсылық берудің жаңа балама тәсілі енгізілді.

Енді егер борышкердің нотариусқа жеке өзі қарсылық білдіруге немесе пошта байланысы арқылы жіберуге мүмкіндігі болмаса, оған өзінің қарсылығын нотариустың электрондық поштасына жіберуі де жеткілікті. Бұл ретте мұндай қарсылық беру мерзімін (10 жұмыс күні) сақтау маңызды.

Бұрын борышкерлер қарсылықты тек екі жолмен – нотариустың жеке өзіне не хабарламамен жібере алатын. Соңғы жағдайда қолдың түпнұсқалығы нотариалды куәландырылды. Ол үшін мемлекеттік бажбен қатар, құқықтық және техникалық сипаттағы қызметтер үшін төлем алынған болатын. Электрондық пошта арқылы қарсылық білдіру қосымша қаржылық және уақыт шығынын болдырмайды.

Жалпы алғанда, нотариустың атқарушылық жазбасы - нотариалдық әрекеттің жаңа түрі ретінде азаматтар мен заңды тұлғалардың құқығы мен заңды мүддесін қорғауға бағытталған оңтайлы тәртіп. Нормативтік құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтырулар өз кезегінде сот жүктемесін азайтып, басы артық дәлелдемені қажетсінбейтін даусыз талаптарды нотариус арқылы тез шешуге қолайлы болды. Азаматтар мен заңды тұлғалардың нотариустар әлеуетін пайдалануы азаматтық айналымға қатысушылардың бұзылған құқығын қалпына келтіру мерзімін едәуір қысқартады.

Айгүл Анжанова,

облыстық Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру жұмысы және

халыққа заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521