«Баланы жастан...» немесе жасөспірімдер тәрбиесі неге осалсып кетті?

Ауданда өз туған ұлын бағындыра алмай, үстінен арызданып, «әрі қарай тәрбиелеуге әлім келмейді» деп 18 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелейтін арнайы орындарға тапсыруды сұрайтын ата-аналар да бар екен. Олар артынша баласына деген ашуы мен реніші тарқаған соң, шағымын қайтып алып, құзырлы органдарды әрі-сәрі күйде қалдырады. Осындай бір тәртіпке көнбейтін жасөспірім мен ананың арасындағы мәселе аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында қаралды.

«Ұмытса да сабақты...»

№16 Д.Жазықбаев атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы М.А-ға қатысты іс комиссия отырысында бірінші рет қаралып тұрған жоқ. Бұл жеткіншек сабақтан себепсіз жиі қалатын көрінеді. Биылғы жылы қаңтар айының өзінде мектепке бірнеше күн келмеген. Оның алдыңғы уақытта да күн сайын дерлік сабаққа қатыспағаны анықталып отыр. Осыған байланысты тиісті орындарға қатынас қағаз да жөнелтілген. Оқушыны мектеп психологы К.Өмірзақова мен алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімі Н.Беріков үйіне барып та іздеген. Алайда, есікті ешкім ашпаған. Ақыры болмаған соң, М-ның жұмыста жүрген анасы А.О-ны шақырып аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының қызметкерлері үйдің есігін бұзып кіреді. Кәмелетке толмаған жасөспірімнің сол кезде іште екені анықталды.

Сөйтсе, М-ды анасы таңертең жұмысқа кетіп бара жатқанда сабаққа бару үшін ертемен оятып кетеді. Алайда, түнімен телефон қарап, ұйқы көрмеген бала ұйқысын қимай анасы жұмысқа кеткен уақытта қайтадан төсекке құлайды екен.

М.А 2022 жылдан бері аудандық полиция бөлімінің және аудандық емхананың наркология бөлімінде «Токсикоман» есебінде тұрған жасөспірім. Таяуда анасы, аудандық полиция бөлімі, ювеналды полиция тобының қызметкері және алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі болып, үшеуі аудандық аурухананың нарколог дәрігері З.Мусинаның қабылдауында болып, М.А-ны медициналық тескеруден өткізген. Осы жылдың қаңтар айының соңында кәмелет жасқа толмаған жасөспірім М.А аудандық полиция бөліміне «99» санатымен есепке қойылған. Оқушының ісіне қатысты жадығаттар жинақталып Облыстық білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне жолданған. Жоғарыда аталған дерек негізінде, баланың түзу жолға түспеуіне байланысты Маңғыстау облысы, Ақтау қаласындағы Девиантты мінез-құлықты балаларға арналған облыстық арнайы мектеп интернатына орналастыруға ұсыныс берілді. Алайда, комиссия отырысына қатысқан жасөспірімнің анасы соңғы уақытта баласымен ара-қатынасы түзеліп келе жатқандығын, тәртібінің де жөнделіп, сабақтан да қалмай барып жүргендігін алға тартып, ұлы өзінің қасында бола бергенін құп көріп отыр.

Комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова М.А-мен жеке сөйлесіп, сұхбаттасып та көрген. Г.Аязберікқызы баланың тәртібінен қатты қауіптенетіндей бұзақы немесе агрессивтік мінез көрмегенін айтады. Ол қоғамдық жұмыстарға да жиі қатысып жүрген оқушы екен. Тіпті, аудандық Жастар ресурстық орталығымен де тығыз қарым-қатынас орнатып, олардың ұйымдастырған шараларына жиі атсалысатын көрінеді. Өзі ұяңдау әрі ұялшақ сынды. Былайынша, арман-мақсаты бар, үлкен қалаларда жоғарғы білім алғысы келетін қиялшыл бала екен. Комиссия мүшелері мен төрағасы баланың анасымен жақынырақ сөйлесіп, ұлын анасының жанында қалдыратын болды. Тек наркологиялық дәрігердің тексеруіне уақытылы әкеліп, тәртібін қадағалап, сабақтан қалмауына мүмкіндік жасап, баламен ашық сөйлесіп, аналық мейіріммен қарауға кеңес берді.

Киім ұрлаған күдікті қыз

Биылғы 5 ақпанда аудандық полиция бөлімінің 102 арнасына Құлсары қаласының 3-ықшамауданында орналасқан «Спорт Ландия» ЖШС филиалының әкімші қызметкері С.Сәуледен хабарлама түскен. Ол белгісіз адамның жасырын түрде сөреде тұрған спорттық киімдерді ұрлап алып кеткендігіне шағымданады. Оқиғаны тергеп-тексерудің нәтижесінде күдіктінің кім екені анықталды. Ол кәмелет жасқа толмаған 2007 жылы туған М.Б. есімді қыз бала болып шықты.

Күдікті өз жауабында, анасы мен сіңілісі үшеуі «Спорт Ландия» спорттық киімдер дүкеніне киім қарауға барып, бір дана «Columbia» маркалы қара түсті термобелье, бір «Demix» маркалы қара түсті лосина және маркасы «Anta» қара түсті бір футболканы ұрлап кеткенін айтып көрсетіп, өз кінәсін толық мойындады. Күдікті өз ісін мойындай отырып ұрлап алған киімдерін де дүкенге қайтарып берген. Сонымен қатар, жасөспірім қыз «күдікті немесе айыпталушы» ретінде аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының есебіне қойылды. Сондай-ақ, жасөспірімнің бұдан кейін де осы тектес құқық бұзушылықты қайталамауы үшін оған қылмыстың арты жазаға әкеліп соқтыратындығы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Оның сабақтан тыс уақытта мектептегі түрлі іс-шараларға қатысуын қадағалап, қатаң бақылауға алынғандығы айтылды. Осы тектес теріс әрекеттің алдын алу үшін де ісі комиссия отырысына жолданып отыр екен.

Жалғызға жәбір көрсеткендер жазасыз жүр

Комиссия отырысында, бұдан бөлек, айдың-күннің аманында бір-бірін аяусыз соққыға жығып, денсаулығына қасақана зиян келтірген жасөспірімдердің жайы да сөз болды. Шоқпартоғай ауылының 2007 жылы туған тұрғыны Н.Ж. тұрғызбалық бір топ баладан таяқ жеген. Оқиға былай өрбіген.

2023 жылдың желтоқсан айының 28-і күні Д.Қ тұрғылықты мекен-жайы Тұрғызба ауылының Х.Досмұхамедов көшесі №3 үйінен жаяулатып шығып, «Ортақ» атауы бар аумақта қыдырып жүрген. Ол бір топ таныс балаларына кезігіп, өзара әңгіме айтып тұрады. Сөз арасында А. есімді жасөспірім шоқпартоғайлық Н.Ж есімді жасөспіріммен келісе алмай, араздасып қалғанын хабарлайды. Дереу сол «мәселені» шешу керектігін жеткізген. Сөйтіп, олар әлгі баланы кездестірсе түйінді шешеміз деп уағдаласқан. Сол айдың 30-жұлдызында сағат 14.00 шамасында «Отырыс» атты ватсап желісінен чат ашып, Тұрғызбадағы бір топ сыныптастар жиналып жаңа жыл тойламақ болған. Отырысқа қажетті тағамдарды сатып алу үшін Құлсарыға базарға келіп, шаруалары аяқталған соң Тұрғызбадағы «Перизат» тойханасының алдында кездесуге келіседі. Құлсарыдағы базарға келгенде тұрғызбалық жасөпірімдердің қарсы алдынан Н.Ж. кездесе кетеді. Мұны көрген олар шоқпартоғайлық баланы Құрсай жағалауының солтүстік бағытында тұрған вагонның тасасына сүйрелейді.

Сол жерге алып барып, алдын ала келісіп алған топ оны соққыға жыққан. Жұдырығымен бетінен ұрып, теуіп денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірген. Қатігез жасөспірімдер өз істеріне риза болып, шаруаларымен кете барған. Ал оқиғаның салдарынан ауыр дене жарақатын алған жәбірленуші жедел түрде аудандық орталық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізіліп, кейін Атырау қаласындағы облыстық ауруханаға жөнелтіледі. Ал төбелестің бел ортасында жүрген жасөспірім Д.Қ «Күдікті немесе айыпталушы» ретінде полиция есебіне алынған.

Комиссия отырысына жалғызға көп болып жабылып, денсаулығына айтарлықтай нұқсан келтірген балалардың ата-аналары, жәбірленушінің сынып жетекшісі мен әкесі келді. Сынып жетекшісі баланың басынан өте ауыр соққы алғанын, оны ота жасау барысында қалған тігістен байқап-көруге болатынын айтады. Жәбірленушінің ұстазы баланың бұрынғыдай көңілді ортаға араласпайтынын, тіпті соңғы сабақты аяқтағанша денсаулығы шыдап отыра алмай, үйіне кететін ашып айтты. Әкесі де ұлының ауыр жағдайына налып, мазасыз күй кешіп жүргені бірден байқалады. Ал «көрші ауылдың баласы» деп ұрып-соққан жасөспірімдердің ата-аналарында ондай сезім табы білінбеді. Олардың бойынан не аяушылық, не өз ұлдарының қылығы үшін ұялу деген нәрсе байқалмады. Керісінше, баланың намысына тиер ауыр сөз айтып, әкесі мен мұғалімін жерден алып, жерге салып тұр...

Иә, қазіргі қоғамда үйдегі ата-ананың, мектептегі мұғалімнің тәрбиесіне көнбейтін тәртібі қиын балалар өте көп. Оның ішінде жылыойлық кәмелетке толмаған жасөспірімдер де бар. Түнде үйіне қонбайтын, сабақтан себепсіз жиі қалатын, әке-шешенің айтқанына бағынбайтын, топтасып төбелесіп, бір-бірінің денесіне ауыр жарақат салатын қатігез жеткіншектерді тізгіндеу мүмкін болмай бара жатыр. Қасиеті мен киесі қатар жүретін аудан атағын жаман жағынан шығарып, бүкіл жылыойлықтардың атына кір келтіріп отырған сотқарлардың ісі қиындап бара жатқанға ұқсайды. Шамасы атамыз қазақ «Баланы жастан,..» деп бекер айтпаса керек.

Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында бұдан басқа жалпы орта білім беретін мектептердегі ата-аналар комитетінің атқарған жұмыстарының есебі де тыңдалды.

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521