Әлеуметке арналған әлеуеті зор кодекс

2021 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі күшіне енді. Заң қабылданбас бұрын әртүрлі пікір-сайыс алаңдарында және заңгерлер қоғамдастығы арқылы қызу талқыланып, ұзақ және жан-жақты талқылаудан өтті. Соның арқасында кодекске қарапайым азаматтардың заңды мүддесін қорғауға, соның ішінде мемлекетттік органның келтіретін негізсіз уәждерінен қорғауға арналған қағидаттар енгізілді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің қабылдануы – біздің еліміздегі елеулі оқиға. Кодекс - құқықтық мемлекеттің маңызды атрибуты, азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының сенімді тірегі десек те болады. Бұл кодекс өзара екі байланыс нысанының қызметін, яғни әкімшілік актіні қабылдау рәсімі мен оны даулау процесін көрсетеді. Біз үшін, әрине, құқықтық мемлекетіміздің одан әрі қарай демократиялық жолмен дамуы өте маңызды. Сондықтан да аталған кодекс талаптарының қатаң сақталғанын қалаймыз. Жалпы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес сот билігі сотта іс жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылатыны айтылған. Ал мемлекет пен азамат арасындағы даулар әкімшілік соттардың өндірісіне өтті.

Осы заңда көрсетілген мемлекеттік, әкімшілік органдар, лауазымды тұлғалар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар осы кодекспен реттелетін қарым-қатынастың қатысушылары саналады. Ал мемлекеттік органның ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыратын қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібі - осы кодекспен реттелетін қатынастарға жатады. Жалпы әкімшілік әділет ұғымы сот орындары тарапынан әкімшілік органдар шешімдерінің заңдылығы туралы дауларды реттеу, жекелеген азаматтар мен әлеуметтік топтардың құқықтарын қорғау, судьялардың әкімшілік билік органдары шешімдерін талдау және жарамсыз деп тану, сот бұйрығын шығару арқылы атқарушы билік органының қызметіне бақылау жасауға мүмкіндік береді. Оның тетігі - шешімдерді іске асыру, қажет кезде мәжбүрлеп орындату міндеттілігімен, жекелеген емес барлық құқықтарды қорғайтын кешенділік сипатымен, саясатқа емес, заңға негізделумен ерекшеленеді.

Тарқатып айтар болсақ, әкімшілік органның ар жағында заңгерлер, әкімшілік қызметкерлер, өз жағының сойылын соғатын бірнеше басқа да мамандар тұрады. Ал олармен қарсылас құқықтық сауатының төмен қарапайым азаматтарда қорғаушы тұрмақ көбіне көп ақылдасар заңгердің болмауы жиі кездесіп жататын жағдай. Ондай кезде, әрине, қай жақтың басым түсері белгілі. Мұндайда Әкімшілік соттардың басты мақсаты – қарапайым азаматтарға, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдарға және кәсіпкерлерге араша түсіп, құқығын қорғау. Әкімшілік рәсімдердің міндеттері - жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандығы мен мүдделерін толық іске асыру, жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізу; тиімді және бүкпесіз мемлекеттік басқаруды, оның ішінде азаматтардың басқару шешімдерін қабылдауға қатысуы арқылы қамтамасыз ету жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайту болып табылады.

Қорыта айтқанда, осы кодексті қабылдау мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, олардың шешім қабылдау процесінде және жоғары тұрған органда, сотта мемлекеттік органдармен дауларды қарау кезінде азаматтар мен бизнестің құқығын қорғау кепілдігін бекітуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және сот жүйесіне жүктемені азайтуға өз септігін тигізері анық.

Мұратқали Ысқақов,

аудандық соттың төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521