ads_banner

Ойын бизнесі орға жықты

Өткен шілде айының ішінде Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері Теңіз вахталық поселкесінде өз бетімен ойын бизнесін ашып, жасырын кәсіпкерлікпен айналысып жүрген азаматты құрықтады. Кейін анықталғандай, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп, оңай олжаға қарық болғысы келген құқық бұзушы орда бұзар отыздан асқан жас жігіт болып шықты. Ол бұл «кәсібін» биылғы ақпан айында бастап кеткен екен.

Көрші облыс орталығынан келген қалалық жігіт ол үшін, алдымен, Теңіз қалашығындағы бір ғимаратты жалға алған. Иесімен жалға беру туралы келісімшарт жасақтаған соң тиісті рұқсат қағаздарын әкеліп беретіндігін айтып, өз ісінің заңдылығына сендіреді. Сөйтіп, «Samsung», «Beng» маркалы монитор, «TP-LINK» интернет модемін, «HiWatch» бейнерегистраторын, «ThermalReceiptPrinter», «Xprinter», «Rongta» маркалы термопринтерлерін, «Delux», «QMax», «CROWN» жүйелі блоктарын, «Samsung», «Elenberg» теледидарын және басқа да қажетті қондырғыларды сатып алып, бел шеше іске кіріседі. Осылайша Теңіз кенішіне қос қолға бір кәсіп көзін іздеп келген талай жұмысшының құмар ойынға деген қызығушылығын оятып, қалтасын теспей сорады. Бірақ оның әрекеті құқық қорғау органдарының еріксіз назарын аударды.

Тексере келгенде еш жерде тіркелместен заңсыз кәсіпкерлікпен шұғылданып, тыйым салынған ойын бизнесін жүргізіп жатқанын анықтады. Сол күні-ақ тергеу департаментінің қызметкерлері ақтөбелік азаматты құрықтап, құмар ойынға қолданған қондырғылары мен заңсыз айналымнан түскен 1 млн. 422 мың 628 теңге ақшасын тәркіледі. Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін үстінен Қылмыстық кодекстің 307-бабының «Ойын мекемесiн заңсыз ашу не ұстау немесе ойын бизнесi саласындағы қызметтi заңсыз ұйымдастыру, сол сияқты заңсыз ойын бизнесі үшін үй-жайлар беру не Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасында белгіленген орындардан тыс құмар ойындарын ұйымдастыру және өткізу не ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиясыз жүзеге асыру» деп аталатын 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс көтерді.

Тергеу амалдары кезінде ол бұлтара алмады. Кінәсін мойындау туралы прокурормен процессуалдық келісімге келді. Жақында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған пысықайдың ісіне аудандық сот соңғы нүктесін қойды. Қылмыстық істі қараған аудандық соттың судьясы М.Ысқақов айыпкердің кінәсі Қылмыстық кодекстің 307-бабымен дұрыс дәрежеленген деп таныды. Оны осы баптың 1-бөлігімен кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады және осы мерзім ішінде 100 сағаттық мәжбүрлі қоғамдық жұмысқа кесті. Заңсыз тапқан барлық қаржысы мен қондырғы-құралдары мемлекет пайдасына тәркіленді.

Е.ҚОШАҚАНОВ

Жарнама

ads_banner2

Күнтізбе

қараша 2019
ПВСЧПСВ
123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930

Жарнама

ads_banner2

ads_banner